Алматыдағы 76 жылдық тарихы бар «Академкнига» жабылады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Академкнига, кітаптар
фото: Kursiv Media

«Академкнига» – Алматыдағы ең көнеден келе жатқан мәдени әрі тарихи орталықтың бірі. Кеңес заманында, 1950 жылы, бүкіл одақтық «Ғылым» баспасының бір бөлігі ретінде ашылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін де ғылыми-академиялық тақырыптағы ең құнды еңбектер осы жерден табылатын. Жақында кітап дүкені толықтай жабылатынын хабарлады. Kursiv.Media ұзақ уақыт бойы Алматыдағы зиялы қауымның сүйікті орнына айналған орынға барып қайтты.

Дүкенге кірген беттен өткеннің лебі аңқиды. Кеңестік стильдегі ескі шкафтар, сөрелер. Кітап бөлімдерінің атауы да кеңес газеттеріндегі шрифтермен жазылған. Орта жастағы екі-үш адам жүр. Ортадағы кассада екі адам қызмет көрсетіп жатыр. Сөрелер жартылай бос, кітаптардың біразын алып кеткенге ұқсайды.

фото: Kursiv.Media
фото: Kursiv.Media

Журналист екенімді естігенде кассадағы қызметкерлер жауап беруге аса ыңғай таныта қоймады. Есімін де атамады. Кассада тұрған қысқа шашты, орта жастағы әйелдің осы жерден 35 жылдан аса жұмыс істегенін ғана білдім.

– Жабылуға не себеп болды?, – дедім әңгімеге тартып

– Не себеп? Адам жоқ қой. Клиент келмейді, сауда жоқ.

– Жабылатыны жайлы қашан шешілді?

– Осыдан бір жыл бұрын айтқан еді.

– Сонда қазір өзін мүлде ақтамай ма? Орта есеппен күніне қанша сауда жасайсыздар?

– Енді сауда азайып жатыр. Мысалы, үш жыл бұрын күніне 200 мың (бір тәуліктегі табыс – ред.) не одан көп болатын. Қазір күніне 100-150 мың теңгеге жетсе жақсы. Ол аз, өзін ақтап жатқан жоқ, – дейді «Академкнига» қызметкері.

Сөзінше, кітап дүкенінің саудасы жақсы жүргенде мұндағы филиалда 10-15 қызметкер жұмыс істеген, қазір олардың тек төртеуі ғана қалған. Бұрын касса алдында кітап алушылар ұзақ кезекке тұратын еді, осы күндері тек 5-6 адам ғана келеді деп отыр.

Академкнига, кітап
фото: Kursiv Media

Қазір дүкендегі кейбір кітаптарға жеңілдік жасаған. Дүкен жабылғаннан кейін осындағы еңбектің барлығын кітап жеткізуші компания қайта алып кетеді. Басқа кітап дүкендеріне апарып орналастыруы мүмкін.

«Академкнига» жабылатынын естіген кейбір кітап алушылар қоштасуға келген тәрізді. Көз таныс болып кеткен сатушыларға рахмет айтып, қоштасып жатыр. «Сіздерге әбден үйреніп қалып едік, мынадай орынның жабылғаны өкінішті», – дейді олар.

академкнига, кітаптар
фото: Kursiv.Media

Алматыда «Академкниганың» екі дүкені болған. Розыбакиев дүкенінде орналасқан филиалы 2017-2018 жылдары жабылған. Назарбаев даңғылының бойындағы осы дүкен ғана қалған еді. Сауда азайып, жабылатынын естігенде алдын-алудың амалын жасадыңыздар ма деп сұраймын қызметкерден. Не жасаушы едік дегендей бас шайқайды.

«Академкнига» жабылатыны туралы ақпарат тарағанда оқырмандардың бірі оның бәсекеге шыдай алмағаны жайлы айтқан еді. Дәл сол маңайда «Меломан» желісінің негізгі филиалы орналасқан. Кіріп барғанда кітап, ойыншықтар дүкені, шағын кофейня мен коуоркинг орталыққа ұқсас «Меломан» дүкені мен 70 жылдан бері сыртқы қасбеті де өзгермеген «Академкниганың» атмосферасы екі бөлек.

Кейбір оқырмандар дүкен заманның көшіне ілесе алмай қалды деп уәж айтады. Шынында онлайн дүкендері жоқ, әлеуметтік желісі де жүргізілмейді. Инстаграм парақшасына небәрі 1000-ға жуық адам тіркелген.

фото: Kursiv Media

Бірінші наурызда дүкен толығымен жабылады. Осы жерде 35 жыл істедім деген қызметкерге тағы бұрылдым.

– Ары қарай не істейсіз? Басқа жұмыс іздедіңіздер ме?

– Білмеймін, көреміз. Жасым 56-да. Көп жерде жасың келді деп алмайды көреміз, – деді мұңая күлімсіреп.

Сөзінше, кітап дүкені ғимаратты жалға алып отырған көрінеді. Жабылғаннан кейін ескі шкафтарды, сөрелерді сатады немесе жалға беруі мүмкін. Ал дүкеннің орнына дәмхана болады деген сыбыс бар.

Сондай-ақ оқыңыз