Хиллари Клинтон Эпштейн ісі бойынша Конгресс алдында жауап берді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Reuters

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Конгресс алдында сөз сөйлеп, отбасының қаржыгер Джеффри Эпштейнмен бұрынғы байланыстары жөніндегі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды CNN.

АҚШ-тың 42-президентінің жұбайы әрі экс-мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон адам саудасы және жезөкшелікке тарту баптары бойынша сотталған қаржыгер Джеффри Эпштейнмен Клинтондар отбасының байланысына қатысты заң шығарушылардың сұрақтарына жауап берді.

Заң шығарушылар Клинтоннан жабық форматта 6,5 сағат бойы жауап алған.

Хиллари Клинтон марқұм сотталғанның қылмыстық әрекеттері туралы өзінде ешқандай ақпарат болмағанын айтып, сондай-ақ сұхбаттың жабық режимде өтуіне республикашылдарды қатаң сынға алды.

Саясаткер журналистерге қолындағы ақпарат аясында қойылған әрбір сұраққа барынша толық жауап бергенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ Эпштейнмен ешқашан кездеспегенін әрі онымен байланыс орнатпағанын атап өтті.

«Джеффри Эпштейнді танымаймын» деп қанша рет айтуыма тура келгенін білмеймін», – деді ол БАҚ өкілдеріне.

Клинтон Эпштейннің қылмыстарына байланысты сотталған Гислейн Максвеллді танитынын растады. Оның айтуынша, Максвелл 2010 жылы қызы Челси Клинтонның үйлену тойына «шақырылған қонақтардың бірінің серігі ретінде» келген.

Сонымен қатар АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон 27 ақпанда Конгресс алдында сөз сөйлейді деп хабарланды.

Бұған дейін Ұлыбританияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Питер Мандельсон ұсталды. Ол тоғыз сағат бойы қамауда отырып, 24 ақпанға қараған түні кепілпұлмен босатылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі атышулы Джеффри Эпштейннің зорлық-зомбылық қылмыстарын зерттеуге қатысы бар 3 млн құжатты жариялады. Құпия файлдарда Қазақстан элитасындағы адамдардың аты-жөні аталады

Жақында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек құқық қорғау органдарынан Эпштейн құжаттарында аты аталған ел азаматтарына қатысты тексеру жүргізуді талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз