325 мың қазақстандық мемлекеттік бағдарламамен Ресейге көшті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ресейге қоныс аудару
фото: shutterstock

Қазақстанның 325 мың азаматы федералдық көші-қон бағдарламасымен Ресейге қоныс аударды. Көрші елдің баспасөзі осындай мәлімет таратты.

Ресей ІІМ азаматтық мәселелер жөніндегі қызметі басшысының орынбасары Валентина Казакованың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында осы елге 1,2 млн адам көшіп барған. Шенеунік осындай мәліметті Халықаралық істер жөніндегі федералдық кеңесте жариялаған. Казакованың дерегін ТАСС таратты.

Ресми мәліметке сүйенсек, отандастарды тарту жөніндегі федералдық бағдарлама 2006 жылы қабылданғалы бері Қазақстаннан Ресейге 325 мың азамат көшкен. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан бірінші орында тұр.

Кейінгі жиырма жылда Украинаның 301 мың азаматы федералдық көші-қон бағларламасы аясында қоныс аударған. Үшінші орында Тәжікстан тұр – 159 мың азамат.

Казакованың айтуынша, қоныс аударған азаматтар Ресейдің Тула (96 мың), Калуга (93 мың) және Челябинск (78 мың) облыстарын таңдаған.

2006 жылы қабылданған федералдық бағдарлама шетелдегі отандастарға азаматтық алуды жеңілдетіп, әлеуметтік қолдау көрсетуді қарастырады. Олардың көшу құны төленеді. Бұған қоса, жаңа мекенге орналасу ақысы мен жұмыссыз азаматтың өтемақысы беріледі.

Кейінгі жылдары Ресейге қоныс аударушылар саны азайған. Мәселен, 2025 жылы мемлекеттік бағдарламамен бар болғаны 26,7 мың адам көшкен.

Сондай-ақ оқыңыз