Еуропа Қырғызстаннан санкцияны айналып өтіп Ресейге тауар тасуды тоқтатуды талап етті

ЕуроОдақ Қырғызстан билігінен Еуропадан шығатын тауарларды Ресейге қайта сатуды тоқтатуды талап етті. ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Қырғызстан Мәскеуге қарсы салынған шектеулерді айналып өтуге көмектесетін негізгі дәлізге айналғанын мәлімдеген. Бұл туралы Reuters басылымы жазады.
Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргелі бері, Қытаймен шекаралас әрі Ресейдің жақын одақтасы – Қырғызстан экономикасы жылына орта есеппен 9% өсім көрсетіп, әлемдегі ең жылдам дамушы елдердің біріне айналған.
Әскери мақсатта қолданылуы мүмкін
Дэвид О’Салливанның айтуынша, Брюссельді, әсіресе, радиожабдықтар мен станоктардың Қырғызстанға импортталуының күрт артуы мазалайды. Бұл тауарлардың кейіннен әскери мақсатта қолданылуы мүмкін болғандықтан, оларды Ресейге жеткізуге санкция арқылы тыйым салынған.
«Бізде бұл тауарлардың Қырғызстанға тек Ресейге қайта экспорттау мақсатында ғана әкелініп жатқанына сенуге толық негіз бар. Соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл өнімдердің импорты мен реэкспортында өте айқын әрі айтарлықтай пайыздық өсім байқалып отыр», – деді ол баспасөз мәслихатында.
Экспорт 1200 пайыз өскен
Осы айда Financial Times басылымы Еуропалық комиссияның ішкі құжатына сілтеме жасап, Украинадағы соғыс басталғаннан бері, ЕО-дан Қырғызстанға «жоғары басымдықтағы тауарлар» импорты 800%-ға, ал Қырғызстанның Ресейге экспорты 1200%-ға өскенін хабарлады.
Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін бірнеше қырғыз банкі мен криптофирмаларына Батыс елдері тарапынан шектеулер қойылған болатын.
ЕО қазір қосымша шараларды қарастыруда. Өз кезегінде Қырғызстан тарапы бұл санкцияларды «біржақты» және «елдің ішкі ісіне араласу» деп атады.
ЕО позициясы: Саудаға тыйым жоқ, бірақ санкция талабы сақталуы тиіс
О’Салливан Еуропа Одағының Қырғызстан мен Ресей арасындағы тығыз экономикалық байланысты, соның ішінде қырғыз азаматтарының Ресейге жұмыс істеуге баратынын түсіністікпен қабылдайтынын атап өтті.
«Біз Қырғызстаннан Ресеймен сауда байланысын тоқтатуды сұрап отырған жоқпыз. Біз тек осы сауда байланыстары арқылы ЕО-ның санкция салынған тауарларын Ресейге жеткізу арқылы біздің шектеулерімізді әдейі айналып өтуге жол бермеуді ғана сұраймыз», – деп түйіндеді ЕО өкілі.
2025 жылы АҚШ санкцияны айналып, Ресеймен байланысқан қырғыз банкін қара тізімге енген.