Украина бойынша БҰҰ-да қарар қабылданды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаға басып кіруінің төрт жылдығына орай «Украинадағы берік бейбітшілікті қолдау» атты қарар қабылдады. Нью-Йоркте 24 ақпанда өткен отырыста Украинаның «халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегіндегі егемендігін, тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын» растайтын құжатты 107 елдің өкілі қолдап дауыс берді.

12 мемлекет қарсы шықты, олар: Ресей, Беларусь, Буркина-Фасо, Бурунди, Куба, Солтүстік Корея (КХДР), Эритрея, Иран, Мали, Нигер, Никарагуа және Судан. Тағы 51 ел қалыс қалды, олардың ішінде АҚШ, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Армения, Қазақстан, Бразилия және Біріккен Араб Әмірліктері бар.

Құжат Украинадағы соғыс қимылдарын дереу тоқтатуға, әскери тұтқындарды толықтай алмастыруға, Ресей заңсыз ұстап отырған барлық адамдарды босатуға және бейбіт тұрғындарды Украинаға қайтаруға шақырады.

Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига БҰҰ Бас Ассамблеясының бұл шешімін құптады.

«Мұндай шешуші сәттерде халықаралық қауымдастық өз ұстанымын ашық білдіруі керек. Бүгін солай болды», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

2022 жылғы 24 ақпанда, Ресей әскері Украина аумағына басып кірді. Биыл соғыс басталғанына төрт жыл болды. Соғыс басталғалы бері Украинаның жағдайы қалай өзгергенін мына жерден оқи аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыз