Арабтар Қонаевта 28 млрд теңгеге Marriot қонақүйі мен казино салады

Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар Қонаевта әйгілі Marriot қонақүйін салмақшы. Бұл туралы облыстық туризм басқармасы хабарлады.
Marriott қонақүйі мен казино
Негізгі инвестор – БАӘ-нің Heritage Investment Holdings компаниясы. Ол Marriott қонақүйі мен казино құрылысына 28 млрд теңге инвестиция салады. 7 гектар аумақты алып жатқан кешенде тек қонақүй ғана емес, сонымен қатар ойын-сауық орталығы (казино) да болады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары мен қонақүйдің қазаншұңқырын қазу ісі жүріп жатыр, жалпы нысанның 30 пайызы дайын.
Hilton қонақүйі
Қалада тағы бір бесжұлдызды қонақүй бой көтермек. Бірақ оның құрылысымен араб емес қазақстандық Abli-Entertainment компаниясы айналысады. 5 млрд теңгеге әлемдік Hilton желісінің қонақүйін салып жатыр. Көлемі 2,1 гектарды құрайды. Компанияның құрылтайшысы – Абылайхан Қаранеев. Adata мәліметтеріне сүйенсек, ол бұған дейін Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүйін басқаратын, атауы ұқсас Abli-Hotels компаниясының құрылтайшысы болған
Екі қонақүйдің құрылысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы керек.
Қонаевтағы қонақүйлер мен казинолар жайлы 2025 жылы облыс әкімі айтқан еді. Оның сөзінше қазір қалада бар казинолардан 90-100 млрд теңге аралығында салық түседі екен.