Владимир Кимге тиесілі банк Kazakhmys Copper-ден 250 млн доллар кепіл қаржы алды

«Kazakhmys Copper» АҚ-ның жалғыз акционері Bank RBK пайдасына банк шотындағы 250 млн АҚШ долларын кепілге қою туралы шешімді мақұлдады.
Мәміленің мақсаты не
Бұл кепіл бірнеше компанияның банк алдындағы несие міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Атап айтқанда, аталған сома «KAZ Chemicals» ЖШС мен «ЖЖФЗ» ЖШС-нің 240 млн доллар көлеміндегі (66 ай мерзімге) және «Қазфосфат» ЖШС-нің 15 млн долларға дейінгі (60 ай мерзімге) қарыздарына кепілдік береді.
«Kazakhmys Copper» компаниясы банкке бірінші кезектегі кепіл құқығын ұсынды.
Бұл дегеніміз – егер жоғарыда аталған компаниялар өз міндеттемелерін орындай алмаса, «Bank RBK» бірінші кезекте осы кепілге қойылған 250 миллион доллар есебінен өз шығынын өтей алады.
Компания кімге тиесілі
«Kazakhmys Copper» акционерлік қоғамы 2016 жылғы 15 қарашада тіркелді. 1 қаңтардағы дерек бойынша, ол KCC Copper Limited компаниясына тиесілі.
KCC Copper Limited компаниясын миллиардер Владимир Ким мен Эуард Огай 2025 жылдың күзінде құрған. Владимир Ким 5,7 млрд доллар дәулетімен Қазақстандағы ең бай адамдардың тізімінде үшінші орында тұр. Ал Эдуард Огай 761 млн доллармен 14-орынға жайғасқан.
Bank RBK «КСС Финанс» серіктестігі арқылы Врадимир Кимге тиесілі.