Аспаннан энергия: АҚШ ғалымы отынсыз жұмыс істейтін қозғалтқыш жасады

АҚШ ғалымы аспаннан, дәлірек айтқанда, ғарыштың суығынан энергия алатын, отынсыз жұмыс істейтін қозғалтқыш жасады.
Sciencedaily ақпаратына қарағанда, Дейвистегі Калифорния университетінің инженерлік факультетінің профессоры Джереми Манди Жер мен алыс ғарыш арасындағы температура айырмасын пайдаланып, түнде ашық ауада механикалық энергия өндіре алатын тәжірибелік қозғалтқыш жасады.
Стирлинг қозғалтқышы деген не
Құрылғы – Стирлинг қозғалтқышының бір түрі. Оны түнгі уақытта жылыжайларды немесе ғимараттарды желдетуге қолдануға болады.
Стирлинг қозғалтқышы жылуды механикалық қозғалысқа айналдырады. Іштен жанатын қозғалтқыштардан айырмашылығы, ол аз ғана температура айырмасында да жұмыс істей алады. Мысалы, ыстық кофе мен бөлме ауасының арасындағы айырмашылықтың өзі жеткілікті.
Әдетте, мұндай қозғалтқыштың бір жағы қыздырылып, екінші жағы салқындатылады. Ал бұл жобада ғалымдар отын жақпай-ақ, «суық резервуар» ретінде ғарышты пайдаланған.
Энергия қалай бөлінеді
Ашық, салқын түнде Жер жылу бөледі. Ал құрылғыдағы арнайы панель жылуды жоғарыға – ғарышқа сәулелендіреді. Соның нәтижесінде қозғалтқыштың бір жағы жылы, екінші жағы суық болып, поршень қозғалып, энергия өндіріледі.
Бір жылдық түнгі сынақтар барысында құрылғы әр шаршы метрге кемінде 400 милливатт механикалық қуат өндірген. Тәжірибе кезінде ол шағын желдеткішті тікелей айналдырған. Электр қуатын да өндірген.
Ғалымдардың айтуынша, бұл әдіс әсіресе ауасы құрғақ әрі аспаны ашық аймақтар үшін таптырмас қозғалтқыш болады. Болашақта технология жылыжайлар мен тұрғын үйлерді отынсыз желдетуге мүмкіндік беруі мүмкін. Университет аталған өнертабысқа патент алуға өтінім берген.
Мұның алдында ғалымдардың ғасырлар бойы бүлінбейтін материал жасап шығарғаны белгілі болды.