Бас прокуратура интернетте алаяқтардың белсенділігі күрт артқанын ескертті

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: polisia.kz

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті интернетте алаяқтық күрт көбейгенін ескертеді.

Елде азаматтарды жалған инвестициялық платформаларда, deepfake технологияларын, сондай-ақ бұрын жоғалған инвестицияларды қайтару бойынша жалған қызметтерді пайдалана отырып алаяқтыққа тарту жайттары артқан.

«Егер бұрын олар «Қазатомөнеркәсіптің» фишингтік сайттарын пайдаланса, бүгінгі таңда киберқылмысшылар екінші деңгейлі банктердің, ірі құрылыс фирмаларының жалған инвестициялық платформаларын жасайды. Deepfake технологиясының көмегімен танымал тұлғалардың суретін, бейнесін немесе дауысын пайдаланып, азаматтардың ақшасын иелену үшін алаяқтық платформаларды қолданады», – делінген хабарламада.

Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде алаяқ брокерлерден зардап шеккендерге ақша қаражатын қайтару бойынша қызметтер жарнамасы көбейген. Алайда, бұл инвестиция салу нәтижесінде қаражатынан айырылған азаматтарға бағытталған екінші алаяқтық схема саналады.

Бас прокуратура ақшаны сақтау үшін мынадай кеңес береді:

  • күмәнді сілтемелер бойынша өтпеу;
  • дербес және банктік деректерді үшінші тұлғаларға бермеу;
  • әлеуметтік желілер, мессенджерлер және жарнамалар арқылы таратылатын инвестициялық ұсыныстар туралы ақпаратты, әсіресе жоғары әрі кепілдендірілген табыс уәде етілген жағдайларда мұқият тексеру;
  • алаяқтық белгілері анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарласу және банкті хабардар ету.

Еске салсақ, жақында Астанада АҚШ визасын «рәсімдеп беремін» деген желеумен алаяқтық жасаған 35 жастағы әйел ұсталды. Сондай-ақ полиция WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын айтып, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз