Тоқаев барша халықты Алғыс айту күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша жұртты Алғыс айту күнімен құттықтады. Мемлекет басшысының жылы лебізін Ақорда таратты.
«Бұл – халқымыздың ең асыл құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке. Өзара құрмет көрсету, өзгеге жанашырлықпен қарап, шынайы тілеулес болу – ұлтымыздың бойына сіңген қасиеттер. Алғыс айту дәстүрі төл руханиятымыздың темірқазығы ретінде ел ішіндегі сенім мен бірлікті нығайтуға зор ықпал етіп келеді», – дейді президент.
Оның пікірінше, жақындарға алғыс айту – оларға рухани қолдау көрсету, қиын кезде қол ұшын созу деген сөз. Қазіргі құбылмалы заманда бұл қасиеттің мән-маңызы ерекше, деп есептейді мемлекет басшысы.
«Біз осы мейрамда ең алдымен қиын-қыстау жылдары елімізді аман сақтап, ұрпаққа аса құнды әрі мол мұра қалдырған ата-бабаларымызға тағзым етеміз».
Тоқаев ұстаздарға, дәрігерлерге, мәдениет саласы қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, жұмысшыларға, тәртіп сақшыларына, өрт сөндірушілерге, құтқарушыларға және адал еңбегімен елдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген барша азаматқа алғыс айтты.
«Жастарға және еріктілерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Белсенді азаматтық ұстанымы бар, қоғам игілігі үшін еңбек етуге әзір, мұқтаж жандарға көмектесуге дайын адамдардың еңбегі ерен», – дейді ол.
Тоқаевтың мәлімдеуінше, алғыс айту күні ел тағдыры әрбір азаматтың қолында екенін аңғартады. Себебі, президенттің пікірінше, алдағы өзгерістердің табысты жүзеге асырылуы жұрттың «бірлігіне, парасаттылығына және саналы азаматтық ұстанымына» байланысты.