Иран қорғаныс министрі мен армия қолбасшысы қаза тапқанын растады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Иран армиясының қолбасшысы Мусави мен қорғаныс министрі Насырзаде
Армия қолбасшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде / фото: Nournews

АҚШ пен Израиль соққысынан Иран армиясының қолбасшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде мерт болды. IRNA иран ақпарат агенттігі мәліметті растады.

Иран әскери шенділерден айрылды

Иран қарулы күштері Бас штабының басшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде 28 ақпанда АҚШ пен Израиль соққысынан қаза тапты. Иранның ресми баспасөзы мәліметті жексенбі күні ғана растады.

IRNA қарулы күштердің басқа да командирлері мерт болғанын хабарлап отыр. Олардың есімі кейін жарияланады.

1 наурызға қараған түні Иран мемлекеттік ақпарат құралдары аятолла Әли Хаменеидің қазасын растаған. Жоғары көсем сенбі күні таңертең Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан көз жұмған.

Иран көсемі Аятолла Әли Хаменеи резиденциясы
Спутниктен түсірілген сурет Тегерандағы резиденцияға жасалған соққыдан кейін түсірілген / фото: CNN / Airbus

Бұған қоса, Иран аятолланың қауіпсіздің жөніндегі көмекшісі Әли Шамханидің, сонымен бірге Ислам революциясы сақшылары корпусының бас қолбасшысы Мұхаммед Пакпурдың да қазасын растаған.

Таяу Шығыстағы ахуал

28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасын ресми билік 1 наурызға қараған түні ғана растады.

Иранның ықпалды шенеунігі Америкадан кек алуға ант берді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне қатаң ескерту жасады.

Артынша Иран билігі Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Бахрейн зымырандар мен дрондар шабуылына ұшырады.

Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тапты. Дубай халықаралық әуежайында да бірнеше адам зардап шекті. Бұған қоса әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақ үй – Burj Al Arab дрон соққысынан өртенді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иранда жүрген ел азаматтары үшін жедел байланыс желісін ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араб елдерінің басшыларына хат жолдады.

Сондай-ақ оқыңыз