АҚШ-тың Карачидегі елшілігін басып алуға талпынған тоғыз адам қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АҚШ-тың Карачидегі консулдығы маңындағы қақтығыс
Карачиде полиция күштері мен наразы топ қақтығысып қалды / коллаж: Kursiv.Media

Пәкістанда АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылдағанына наразы шииттер Құрама Штаттардың Карачидегі консулдығын басып алуға талпынды. Алайда олар полиция қарсылығынан тап болып, кем дегенде тоғыз адам мерт болды.

Карачидегі қанды қақтығыс

Карачи полициясының бас хирурғы Суммайя Сайед Al Jazeera телеарнасына қалалық ауруханаға тоғыз адамның мәйіті жеткізілгенін айтты. Олардың бәрі америкалық консулдық ғимаратына кіруге талпынған уақытта қаза тапқан.

Полиция өкілдері телеарнаға нақты қанша адам өлгенін растамаған. Бұған дейін алты адамның қаза туралы хабарланған.

Пәкістан билігінің мәлімдеуінше, наразы топ консулдық орналасқан кешеннің «сыртқы қоршауына» дейін ғана жете алды, содан кейін күшпен таратылды.

CNN телеарнасы консулдық маңындағы қақтығыста тағы жиырма шақты адам жараланғанын хабарлады.

«Америкалық консулдық маңында күтпеген жерден жүздеген адам пайда болды», – деп мәлімдеген Карачи полициясының баспасөз хатшысы Рехан Әли.

Ол құқық қорғау күштері оқиға орнына тез жеткенін айтты.

Оқ атқан ба?

Карачидегі қақтығыс барысында түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде таралып жатыр. Біреуінде атылған оқ дыбыс естіледі. Тағы бір видеодан от тұтанғанын көруге болады.

CNN адамдардың нақты неден қаза тапқанын білмек болып, АҚШ-тың Исламабадтағы елшілігіне сұрау салды.

Мәліметтерге қарағанда, АҚШ-тың Карачидегі консулдығы қызметкерлерінің жүріп-тұруы бір күн бұрын шектелген. Сенбі күні дипломаттар мәлімдеме таратып, «аймақтағы жағдай ушыққанын» айтқан.

Al Jazeera телеарнасының дерегінше, Пәкістанның солтүстігінде Иранды жақтаған наразы топ бірнеше ғимаратты талқандаған. Олардың арасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Скарду қаласындағы аймақтық бөлімшесі де бар.

Таяу Шығыстағы ахуал

28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасы 1 наурызға қараған түні ғана ресми түрде расталды.

Сонымен бірге, Иран армия қолбасшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде мерт болғанын растады.

Иранның ықпалды шенеунігі Америкадан кек алуға ант берді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне қатаң ескерту жасады.

Артынша Иран билігі Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Бахрейн зымырандар мен дрондар шабуылына ұшырады.

Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тапты. Дубай халықаралық әуежайында да бірнеше адам зардап шекті. Бұған қоса әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақ үй – Burj Al Arab дрон соққысынан өртенді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иранда жүрген ел азаматтары үшін жедел байланыс желісін ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араб елдерінің басшыларына хат жолдады

Сондай-ақ оқыңыз