Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалды жіті бақылап отыр

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалды жіті қадағалап отыр, деп хабарлайды Ақорда.
Ресми мәліметке қарағанда, мемлекет басшысы Иордания Королі ІІ Абдаллаға хат жолдап, Қазақстан қазіргідей сын сағатында бауырлас иордан халқына қолдау мен тілектестік білдіретінін жеткізді.
Президент ахуалдың ушығуына әкелуі мүмкін іс-қимылдардан бас тартуға шақырып, кез келген халықаралық қақтығыс дипломатиялық тәсілдер арқылы шешілуі қажет екенін тағы да атап өтті.
Осының алдында ғана Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына хат жолдаған.
Таяу Шығыстағы ахуал
28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасы 1 наурызға қараған түні ғана ресми түрде расталды.
Сонымен бірге, Иран армия қолбасшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде мерт болғанын растады.
Аятолланың қызметін уақытша Әлиреза Арафи атқаратын болды.
Иранның ықпалды шенеунігі Америкадан кек алуға ант берді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне қатаң ескерту жасады.
Артынша Иран билігі Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Бахрейн зымырандар мен дрондар шабуылына ұшырады.
Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тапты. Дубай халықаралық әуежайында да бірнеше адам зардап шекті. Бұған қоса әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақ үй – Burj Al Arab дрон соққысынан өртенді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иранда жүрген ел азаматтары үшін жедел байланыс желісін ашты.