Атыс кезінде Иран үстінен ұшқан Бублик өмірдің әр сәтін бағалауға кеңес берді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Теннисші Александр Бублик
фото: instagram.com/bublik

Қазақстандық теннисші Александр Бублик 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранды атқылаған уақытта Дубайдан енді ғана ұшып шыққан.

Жаңалықтарды ашып қалсам…

Спортшы Александр Бублик кескілескен ұрыс жүріп жатқанын Иранның үстінен ұшып өткеннен кейін ғана білген.

«Дубайдан ұшып шықтық. Аман-есен жетсек екен деп ойладым. Иран әуе кеңістігінен шыққан соң жаңалықтарды ашып қалсам, мынадай сұмдық болып жатыр екен», – деп жазды теннисші сенбі күні түсте Telegram-арнасына.

Бублик осы аптада Дубайда ATP-500 санатындағы ірі турнирге қатысып, жеке және жұптық сайыста ширек финалға дейін жеткен. Жарысты сәрсенбі күні ертең аяқтаған ол сенбіде таңертең Дубайдан Лос-Анджелеске қатынайтын ұшаққа отырған.

АҚШ пен Израиль күштері Иранның Тегеран және басқа да қалаларындағы нысандарды сенбі күні таңертең атқылай бастады. Артынша Иран билігі әуе кеңістігін жауып, Таяу Шығыстағы елдерге, соның ішінде БАӘ-нің Абу-Даби және Дубай қалаларына зымыран мен дрон жаудырған. Мәселен, халықаралық әуежай дрондар шабуылына ұшырап, бірнеше адам жараланған. Қонақ үйлер өртенген.

Өмірді бағала

1 наурызда Құрама Штаттарға аман-есен ұшып жеткен қазақстандық теннисші құнды кеңес айтты.

«Өмірдің әрбір сәтін бағалап, жақын адамдарыңмен мүмкіндігінше көбірек болуға тырысыңдар», – деп жазды ол.

Бублик жағдайына алаңдап хат жазғандарға алғыс айтып, бүгін түнде Лас-Вегаста басталатын турнирге қатысатынын жеткізді.

Айта кетейік, Дубайдағы турнир жеңімпазы Даниил Медведев және басқа да теннисшілер Таяу Шығыстан ұшып кете алмай қалды. Олар 4 наурызда АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласындағы Мастерске үлгермеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз