Дубай бір сәтте «жансыз» қалаға айналды

1 наурыз, жексенбі күні Дубай қаласы танымастай өзгерді: көшеде автокөлік те, адам да жоқ. Бүкіл әлем азаматтары ұмтылатын мегаполис бір сәтте «жансыз» қалаға айналып шыға келді. Соғыс жағдайындағы шаһардың қазіргі тіршілігін CNN осылай сипаттады.
Мүлгіген тыныштық
Иран екі күннен бері Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қос ірі қала – Абу-Даби мен Дубайды атқылап жатыр. Бір күн бұрын екеуінің де халықаралық әуежайы дрондар шабуылынан зардап шеккен.
Туристік маусым қызып тұрған уақытта сауда орталықтары, мейрамханалар мен жағалаулар адамға толы болатын. Бүгін жолдар қаңырап бос тұр, аспан тынымсыз ағылатын ұшақтардан таза.
Дубай теңіз порты әдетте яхталар мен су жағасындағы сауыққа толы болса, бұл жолы барлық жерде ерекше тыныштық.
«COVID-19 заманы қайта оралғандай әсер бар. Тыныш, күн шайдай ашық, құстар сайрайды, көлік немесе ұшақ шуы жоқ», – телеарнаның Абу-Дабидегі операторы Пол Девитт.
Дубай қауіпсіз болудан қалды
БАӘ-де әуе кеңістігінің жабылуына орай адамдар автокөлікпен елдің тыныш аудандарына кеткен. Оман шекарасына жақын маңдағы Хатт қаласында жергілікті бір қонақүйдің конференц-халы туристердің уақытша панасына айналған. Өйткені олар нөмірін өткізіп, ұша алмай кері қайтқан.
Қауіпсіздігімен мақтанған Дубай қаласында қоғамдық бомбапана жоқ. Тұрғындардың дені сенбі түнін үй астындағы паркингте өткізген.
Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні мұнда халықаралық әуежай дрондар шабуылынан зардап шеккен. Бұған қоса, әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақ үй – Burj Al Arab өртенген.