Ирандағы әскери операция барысында үш америкалық сарбаз қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дубайдағы авиашоуға келген америкалық жауынгерлер
фото: shutterstock

АҚШ орталық қолбасшылығы Иранға қарсы әскери операция барысында америкалық үш сарбаз қаза тапқанын мәлімдеді. Тағы бес жауынгер жараланған.

«Бірнешеуінің жарықшақ тию, ми шайқалу секілді болмашы жарақаты бар. Олар әскери қызметін атқаруға қайта оралады», – делінген қолбасшылық есебінде. Мәліметті Bloomberg агенттігі таратты.

Жауынгерлердің үшеуі де 1 наурыз, жексенбі күні қаза тапқан. Қолбасшылық олардың өліміне қатысты қосымша мәлімет беруден бас тартты.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды бомбалау бір аптаға, Тегеранның беті қайтқанша созылатынын ескерткен.

Иран АҚШ пен оның өңірдегі одақтастарының базаларын зымырандармен, дрондармен атқылап жатыр. БАӘ, Катар, Кувейт және Сауд Арабиясы шабуылға ұшырады. Тіпті бұған дейін аса зардап шекпеген Оман сұлтандығының өзі жексенбі күні соққының ащы дәмін татып көрді.

Израиль мен АҚШ-тың Иранға соққылары барысында жүздеген адам қаза тапты. Зымырандардың бірі Минаб қаласындағы қыздар медресесіне түсіп, кем дегенде 158 адам мерт болды.

Бұған қоса, Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи, қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде мен армия қолбасшысы Абдулрахим Мусави қаза тапты.

Сондай-ақ оқыңыз