Brent маркалы мұнай күрт қымбаттады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Мұнай салығы ел ішіндегі бензин бағасына да әсер етеді / фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 2 наурыз күні таңертең барреліне 81 доллардан асты. Қара алтын бағасы 2025 жылдың 23 маусымынан бері алғаш рет осы деңгейге жетті. Бұл ақпаратты сауда деректері растады.

Сауда аптасының басында Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейген тұста баға 12,2%-ға өсіп отыр.

Қазан айында жеткізілетін WTI маркалы мұнайға жасалған келісімшарт 2,3%-ға қымбаттап, барреліне 76,7 долларды құрады.

Бұған дейін сарапшылар мұнай бағасының күрт өсетінін болжаған еді. Қымбаттаудың негізгі себебі ретінде Ормуз бұғазының жабылуы аталған. Алайда Иран билігі бұған дейін Тегеран теңіз дәлізін жабуды жоспарламайтынын мәлімдеген болатын.

Алтын бағасы шарықтады

COMEX деректеріне сәйкес, алтынның бағасы алғаш рет рекордтық 5349 доллар деңгейіне жеткен. Сонымен қатар, күміс фьючерстері 30 қаңтардан бері алғаш рет трой унциясы үшін 94 доллар шегінен асты.

Осылайша, алтын мен күміс бағасы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Десе де, COMEX сайтындағы бағалы металдардың құны минут сайын өзгеріп отыратынын айта кету керек.

Таяу Шығыстағы ахуал

Еске салсақ, 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасы 1 наурызға қараған түні ғана ресми түрде расталды.

Артынша Иран билігі Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар және Бахрейн зымырандар мен дрондар шабуылына ұшырады.

Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тапты. Дубай халықаралық әуежайында да бірнеше адам зардап шекті. Бұған қоса әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақүй – Burj Al Arab дрон соққысынан өртенді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иранда жүрген ел азаматтары үшін жедел байланыс желісін ашты

Сондай-ақ оқыңыз