Мұнай 100 доллардан асады: Ирандағы соғыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Иран мен АҚШ қақтығысы нарыққа қалай әсер етеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс пен Ормуз бұғазының тағдыры мұнай бағасын 110 долларға дейін шарықтатуы мүмкін. Қазақстан сарапшылары аймақтың «географиялық тұтқыннан» құтылу мүмкіндігі мен жақын арада күтіп тұрған экономикалық қатерлерді таразыға салды.

Иран – үлкен нарық

Қазақстан экономистері бұл жағдайға екі қырынан қарайды: бірі –Иран санкциядан құтылса, ашылатын зор мүмкіндіктер, екіншісі  – қақтығыстың тереңдеуінен келетін жаһандық қауіп-қатер.

Иран төңірегіндегі санкциялық режимнің ықтимал өзгеруі Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Экономист Алмас Чукиннің пайымдауынша, Иран – географиялық тұрғыдан Орталық Азияның, соның ішінде «екі жағы тұйық» Өзбекстан мен Қазақстанның әлемдік мұхитқа шығатын басты «терезесі».

Түрікменстан шекарасынан Парсы шығанағына дейінгі 1200–1500 шақырымдық теміржол Астана мен Алматы арасындағы жолмен бірдей. Бұл мұнай мен астықты Ресей арқылы емес, балама жолмен тасымалдауға жол ашады.

Сарапшының айтуынша, егер Иранда санкциялар алынып, режим Батыспен қас болмайтын бағытқа ауысса, 80 млн халқы бар, әрі ресурстарға бай көршінің пайда болуы аймақтың экономикалық шекарасын кеңейтіп, инвестициялар үшін мүлдем басқа мүмкіндіктер туғызады.

Бұл Орталық Азияның географиялық құрсаудан шығып, әлемдік нарыққа тікелей қосылуын білдіретін колоссалды экономикалық даму болмақ.

Мұнай бағасын қымбаттатады

Алайда экономист Руслан Сұлтановтың жазуынша, дипломатиялық шеңберден шыққан әскери қақтығыс пен Ормуз бұғазының тағдыры нарықтық тәуекелдерді бірінші орынға шығарып отыр.

Әлемдік мұнай мен жанар-жағармай тасымалының ширегі өтетін бұғаз арқылы күн сайын 20 млн баррель мұнай тасымалданады. Мұндай мұнай көлемін Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің айналма құбырларымен алмастыру мүмкін емес.

Осы тұста Energy Analytics арнасының иесі Абзал Нарымбетов Ормуз бұғазы қысқа мерзімге жабылып қалуы мүмкін екенін айтады. Бірақ ол ұзаққа созылмайды, өйткені әлем бұл орасан зор мұнай көлеміне өте мұқтаж.

Оның есебінше, Ормуз арқылы өтетін мұнай көлемі Қазақстан өндірісінен 10 есе, ал экспортынан 15 есе көп.

Соған қарамастан, мұнай бағасының 100 долларға дейін уақытша қымбаттауы Қазақстанның экспорттық түсімін арттырып, теңге бағамының нығаюына және төлем балансының жақсаруына оң әсерін тигізеді.

Қымбат мұнай инфляцияны арттырады

Дегенмен, бұл жағдайдың Қазақстан үшін екінші қыры да бар. Руслан Сұлтанов мұнай бағасының 100 доллардан жоғары тұрақты сақталуы жаһандық инфляцияны жеделдетіп, капитал ағындарының құбылмалылығы мен инвестициялық шешімдердегі белгісіздікті күшейтетінін ескертеді.

Руслан Сұлтановтың айтуынша, мұнай бағасының 100 доллардан асуы экспорттық түсім арқылы Қазақстанның төлем балансын жақсартып, теңгенің нығаюына ықпал етеді.

Goldman Sachs болжамына сүйенсек, стресс-сценарий кезінде Brent бағасы 2026 жылдың соңына қарай орташа есеппен 95 долларды, ал шыңында 110 долларды құрауы мүмкін.

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 2 наурыз күні таңертең барреліне 81 доллардан асты.

Таяу Шығыстағы қақтығысты басталуы

28 ақпанда, Израиль мен АҚШ Иран аумағындағы нысандарға шабуыл жасады. Израиль мен АҚШ күштерінің Иранға шабуылдарынан кем дегенде 201 адам қаза тапты.

Иран тарапы дәл сол күні Израиль мен араб елдеріндегі АҚШ-тың әскери базалары мен өзге де стратегиялық нысандарға соққы берді. Қазіргі таңда қос тараптың өзара шабуылдары әлі де жалғасып жатыр.

Оқиға барысында Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеидің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Reuters агенттігі бұл хабарды алғашқылардың бірі болып таратқан.

Көп ұзамай Иран билігі Әли Хаменеидің қазасын ресми түрде растады. Сонымен қатар Иран Қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Шамхани мен Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпурдың да қаза тапқаны белгілі болды. Осыған байланысты Иранда 40 күндік аза тұту жарияланып, алдағы бір апта жұмыс істемейтін күн болып белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыз