Аятолла Әли Хаменеидің орнына келген Әлиреза Арафи кім

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Әлиреза Арафи
фото: wikimedia.org

Иранды 37 жыл басқарған Әли Хаменеи қайтыс болғаннан кейін елді 67 жастағы Әлиреза Арафи уақытша басқаратын болды. Ол кім, қайдан келді?

Иранның билік жүйесі қалай жұмыс істейді?

Иран заңы бойынша, елді басқаратын – жоғары көсем, яғни аятолла. Елде президент те болады, бірақ негізгі билік аятолланың қолында. Оның міндетті түрде діни білімі болуы керек.

Аятолла – шииттік бағыттағы ислам дінбасыларына берілетін ең жоғары діни лауазым немесе титул. Араб тілінен аударғанда «Алланың белгісі» немесе «Алланың дәлелі» деген мағынаны білдіреді. Аятолла елдегі барлық билікті уысына ұстайды. Сот, заң шығару және атқарушы билік, елдің қорғаныс күштері де тікелей соған қарайды.

Аятолла қайтыс болғаннан кейін елде үш адамнан тұратын басқарушы кеңес құрылды. Оның құрамында Үлемдер кеңесінің өкілі Әлиреза Арафи, ел президенті Масуд Пезешкиан және сот билігінің басшысы Голам-Хосейн Мохсени-Эжеи бар.

Осы үш адам жаңа көшбасшыны таңдайтын сайлау уақытын белгілеуі керек. Бірақ сайлау халық арасында өтпейді. Үміткерлерге 88 адамнан тұратын Сарапшылар кеңесі дауыс береді. Ол жабық режимде өтеді. Жиналғандардың үштен екісінің дауысын жинаған адам елдің жаңа көшбасшысы деп сайланады.

Әли Хаменеи мұрагерлікті кімге қалдырды?

Шетелдік БАҚ жазуынша, Әли Хаменеи өзінен кейін үш мұрагерді таңдап кеткен. Үшеуі де дін қызметкері. Бірақ ел басқару қызметі уақытша Әлиреза Арафиге жүктелді. Ол Иранның танымал діни және қоғам қайраткері,  Үлемдер кеңесі төрағасының орынбасары.

Хаменеидің қатаң саясатын қолдаушы, жақтасы. Арафи уағызшы шейхтің отбасында дүниеге келген. 11 жасында әкесі оны шииттік теология орталығы, Құм қаласына оқуға жіберді, сол жерде діни білім алды.

Әлирезаның мансабына Әли Хаменеи өте жақсы ықпал етті. Өз кезінде Арафиге білім мен мәдениетті исламдандыру деген бағытты сеніп тапсырды. Ол елдегі барлық медреселерді басқарып, шиит ағымының шетелде таралуына жауапты болды. Ағылшынды өте жақсы меңгерген. 24 кітап пен мақалалар авторы.

Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи бірінші наурызда АҚШ-Израиль шабуылынан қайтыс болды. Оның көзін жою операциясы қалай жүргенін мына жерден оқи аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыз