Өскемен халықаралық әуежайының бұрынғы басшысы сотталып кетті

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: ашық дереккөзден

Өскемен халықаралық әуежайын 20 жылға жуық басқарған Николай Короленко сотталды. Сот оны қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және аса ірі мөлшерде мүлік жымқыру бойынша кінәлі деп таныды.

Хроника басылымының жазуынша, Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облыс орталығының әуежайын 20 жылға жуық басқарған Николай Короленкоға қатысты іс қаралып, үкім шығарылды.

Ол ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану) және 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру) бойынша айыпталып, сот алдында жауап берді. Бастапқыда оған сыбайлас жемқорлық сипатындағы айыптар тағылғанымен, сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы бұл айыптардан бас тартты.

Үкіммен қатар ШҚО әкімдігіне жолданған жеке қаулы шығарылып, онда кәсіпорынның қауіпсіздік жүйесі мен қаржылық бақылау саласында орын алған елеулі олқылықтар көрсетілген.

Сот әуежайдың бұрынғы президентін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, ол мемлекетке 120 млн теңге көлемінде шығынды өтеуге міндеттелді. Сот үкімі жарияланғаннан кейін ол қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген.

Сот тағы нені айтты?

Сот материалдарына қарағанда, «Ертіс» ӘКК» АҚ тарапынан әуежай қызметіне тиісті корпоративтік және қаржылық бақылау жасалмаған. Директорлар кеңесі басқарушылық шешімдерге пәрменді бақылау жүргізбеген. Тұрақты комиссиялар формалды жұмыс істеген. Ал мүлікті иеліктен шығару жөніндегі шешімдер тиісті экономикалық талдаусыз қабылданған.

Сондай-ақ оқыңыз