Гүлайым Рахмонова ісі: марқұмның әкесі сотта кешірім берді

Тараз сотында UFC дүлдүлі Шавкат Рахмоновтың әйеліне қатысты іс қаралып жатыр. Гүлайым Рахмонова жол апатына түскен күні жанында ұлы, әпкесі және құрбысы болған. Салдарынан әпкесі мен құрбысы қайтыс болды.
«Қазақпараттың» хабарлауынша, апаттан қайтыс болған әйелдің отбасы Гүлайым Рахмоноваға кешірім берген.
Қайтыс болған әйелдің әкесі сотта қайғылы оқиға болған күнді еске алған. Сөзінше, қызының қазасы туралы кешке білген. Алматыдағы үйіне Рахмонованың туыстары мен қайтыс болған екінші әйелдің анасы барған. Бәрі әйелдің әкесінен кешірім сұраған.
Сондай-ақ Рахмоновтар әйелдің денесін Жамбыл облысынан Алматыға жеткізуге көмек көрсеткен. Жерлеу рәсіміне кететін шығынның жартысын көтерген.
Сотта ер адам Гүлайым Рахмонованы кешіретінін, жол болғандықтан, не боларын ешкім білмейтінін айтқан.
Әйелдің артында 2006 жылы туған ұлы қалды.
Гүлайым Рахмонова апатқа түсті
Шавкат Рахмоновтың әйелі Гүлайым Рахмонова 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы – Екатеринбург тас жолының 299-шақырымында жол апатына түсті. Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Шавкат Рахмоновтың әйелі мен баласы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Содан кейін Гүлайым Рахмоновадан қылмыстық істе қорғалуға құқығы бар куә ретінде жауап алынған.
Айыптау актісіне сәйкес, Рахмонова түні бойы көлік айдаған, қатты шаршағанына қарамастан, рөлді басқа адамға бермеген. Жолда көлікті басқара алмай қалған. Артынша автокөлік сол жақтағы қоршауға соғылған және қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен, кейін аударылған.
Іс Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Рахмоноваға қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігінде (бапта көлiк басқаратын адамның жол жүрісі абайсызда екі не одан көп адамның өліміне әкелген жағдай) көрсетілген айып тағылған.