Оқушыларға вейп сатқан қылмыстық топ әшкереленді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен бес қатысушысы қамауға алынды/фото: shutterstock

Ұйымдасқан қылмыстық топ Павлодар облысы мен Алматы қаласында вейптерді заңсыз айналымға шығарумен айналысқан. Қаржы мониторингі агенттігі оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Қолданыстағы заңнамамен тыйым салынғанына қарамастан, күдікті тұрақты табыс табу мақсатында вейптерді сатудың жүйелі әрі тұрақты схемасын ұйымдастырған.

Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында дүкендер желісі кальян өнімдерін сатады деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде электрондық тұтыну құрылғылары мен олардың қосалқы бөлшектері сатылған. Тыйым салынған өнімдер «Telegram» мессенджері арқылы да өткізіліп, жеткізу қызметі пайдаланылған.

«Заңсыз саудадан түскен қаражат қолма-қол түрде де, жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы да жиналып, кейін қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген. Тінту барысында жалпы құны 711 млн теңгеден асатын 131 мыңнан астам вейп тәркіленді», – деп хабарлады агенттік.

Вейп негізінен жастарға, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары мен студенттерге сатуға бағытталған.

«Күдікті бұлтартпау шарасы қолданылғанына қарамастан, байланысы бар адамдар арқылы және қосымша жасырыну шараларын пайдаланып, топтың қызметін үйлестіруді жалғастырған», – делінген ақпаратта.

Қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа 4 автокөлік пен Алматы қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен 4 бөлмелі пәтер сатып алынған. Бұл мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.

Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен бес қатысушысы қамауға алынды.

Айта кетейік, Қазақстанда вейптерді әкелу, өндіру, сату және таратуға тыйым салынған.

Вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:

  • сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
  • әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру,
  • қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз