«Қан қызыл» ай тұтылады

Бүгін, 3 наурызда ай тұтылады. Басқаларынан ерекшелігі сол – айдың түсі қан қызылға боялады. Сол үшін де «Қан қызыл ай тұтылуы» деп аталады. Келесі мұндай ай тұтылатын кез 2028 жылдың 31 желтоқсанында болады деген болжам бар. Неге «қан қызыл ай тұтылуы» деп аталады? Қанша уақытқа созылады? Kursiv.Media тілшісі осы тақырыпта шолу дайындады.
Ай тұтылуы деген не
Ай тұтылды деп Жердің Күн мен Айдың қақ ортасына келіп, ғаламшарымыздың көлеңкесі өзінің серігіне түсетін астрономиялық құбылысты айтамыз. Бұл сәт аспандағы осы үш дене бір сызыққа тұрған кезде пайда болады. Ал ол үшін міндетті түрде ай толуы керек. Астрономдар Айдың Жер көлеңкесіне кірген деңгейіне қарай тұтылуды үш түрге бөледі:
- Жартылай көлеңкелі тұтылу. Ай Жер көлеңкесінің сыртқы, жарығырақ бөлігі – жартылай көлеңке арқылы өтеді. Бұл кезде Ай аздап көмескіленеді. Сондықтан өзгеріс көбіне жай көзге көріне бермейді.
- Жартылай тұтылу. Ай шеңберінің бір бөлігі ғана толық көлеңкеге кіреді. Сол сәтте Айдың бір шеті «кеміріп тастағандай» болып көрінеді.
- Толық тұтылу. Ең әсерлі кезең осы. Ай Жер көлеңкесінің ең қараңғы бөлігіне – толық көлеңкеге енеді.
Неге «қан қызыл ай» деп аталады
Толық ай тұтылғанды халық арасында «Қан қызыл Ай» деп атайды. Күн сәулесі тікелей жердің серігіне жетпесе де, Жерді жанап өтіп жататын сәулелердің кей бөліктері оның атмосферасына тиіп сынады. Яғни атмосфера алпауыт линза сияқты болады. Қысқа толқынды көк және жасыл сәулелер шашырап кетеді, ал ұзын толқынды қызыл сәулелер Ай бетіне жетеді. Соның нәтижесінде Ай қызыл реңкке енеді. «Қан қызыл Айдың» түсі мыстың түсіне ұқсас болуы мүмкін. Түсінің қанықтығы ай тұтылған кездегі Жер атмосферасының күйіне байланысты болады. Тозаң, жанартау күлдері Айдың бетін сәл көмескілеуі мүмкін. Болмаса, керісінше қанық қызыл реңк беруі де ғажап емес.
«Қан қызыл Ай» 2026 жылы қашан тұтылады
«Қанды Ай тұтылуы» 2026 жылдың 3 наурызында байқалады. Биылдыққа ай бір рет қана тұтылады. Бұл құбылыс 5 сағат 39 минутқа созылады. Қазақстан уақытымен есептесек, жалпы ұзақтағы 13:45 пен 19:24 аралығында болады деген болжам бар. Толық көлеңкелі фаза 16:05 пен 17:04 аралығында 59 минутқа созылады. Дәл осы кезде Айдың түсі қызылға боялады. Ай тұтылуының шарықтау шегі біздің уақытымызбен 16:35-те болады. Осы сәтті тамашалағыңыз келсе, мына кеңестерімізге құлақ түргеніңіз жөн.
Орынды дұрыс таңдау керек
Ай тұтылған кезде Арыстан шоқжұлдызында орналасады. Сондықтан процесті көргіңіз келсе, шығыс және оңтүстік-шығыс бағыттан қараған дұрыс. Айналасы ашық, биік ғимараттар мен ағаштар жоқ орынды таңдаңыз. Қаладан неғұрлым алыстасаңыз, Айды соғұрлым анығырақ көре аласыз.
Ертерек қамданыңыз
Бастапқыда құбылыс онша байқалмауы мүмкін. Сондықтан айқынырақ көрінетін сәтті алдын-ала біліп алыңыз. Уақытын жоғарыда көрсетіп кеттік. Айға көлеңке түскен кезде көрініс ғажап болады. 15-20 минуттай бұрын шығып, қарап тұрыңыз. Себебі қараңғыға көз үйретіп алу керек. Оған қоса кейбірі арнайы құрылғыдан қарағысы келеді. Сол үшін ертерек қамданған абзал.
Оптика құралдарын алып алған жөн
Жай көзге Айдың тұтылғаны аса көрінбеуі мүмкін. Көрінгеннің өзінде тамашасын толық байқамайсыз. Ал енді арнайы оптикалық құралыңыз болса, тіпті керемет. Себебі дүрбі немесе шағын телескоптардан егжей-тегжейіне дейін көре аласыз. Айталық, Жердің көлеңкесі қалай біртіндеп жабатыны анық көрінеді. Сонымен бірге Айдың жанындағы жұлдыздарды да көріп қалуыңыз мүмкін.
Жағдайыңызды жасап алыңыз
Наурызда Қазақстанның біраз бөлігінде күн салқын болады. Сондықтан қалың киініп шығыңыз. Отыруға орындық ала барып, термосқа ыстық шай құйып алсаңыз қатып кетеді. Тіпті жамылғы ала шыққан артық болмайды. Айдың тұтылғанын бірнеше сағат бақылауыңыз мүмкін. Әсіресе, бәрін бастан-аяқ көргіңіз келсе, процесс алты сағатқа жуық уақыт алады.
Тағы не көруге болады?
Ай толық толып, жарығы бәсеңдеген кезде аспандағы жұлдыздар анығырақ көрінеді. Мысалы Айдың қасында Регул деген жарық жұлдыз бар. Соны көруге тамаша мүмкіндік туады. Ал дүрбісі барлар Шаян шоқжұлдызында орналасқан Ясли (M44) жұлдыздар шоғырын іздеп көрсе болады. Ол көмескі дақ сияқты болып көрінеді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін былтыр жартылай күн тұтылғаны туралы жазған едік.