Енді Эквадор: АҚШ тағы бір әскери операция бастады

АҚШ пен Эквадор қарулы күштері Эквадор аумағындағы есірткі террористік ұйымдарына қарсы бірлескен әскери операцияны бастады. Бұл туралы Пентагонның Оңтүстік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз ұзақ уақыт бойы бүкіл жарты шар азаматтарының арасында террор, зорлық-зомбылық пен жемқорлық таратып келген есірткі террористеріне қарсы тұру үшін бірлескен батыл әрекеттер жасап жатырмыз», – делінген ресми хабарламада.
Әскери операцияның өзге мәліметтері белгісіз.
ABC телеарнасының хабарлауынша, бұл – АҚШ әскерилерінің Оңтүстік Америкадағы есірткі картельдеріне қарсы жүргізген алғашқы жерүсті операциясы. Осы уақытқа дейін олар Тынық мұхитының шығыс бөлігі мен Кариб бассейніндегі контрабандалық қайықтарға тек әуеден соққы берумен шектеліп келген.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль бірігіп, Иранға әуе шабуылын бастаған еді. Елді 37 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеиді өлтірді. Трамптың сөзінше, Таяу Шығыстағы әскери операция кемінде төрт аптаға созылуы мүмкін.