Миллиардерлер бәйгесі: Қазақстан футбол клубтарын кімдер бөліп алды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

7 наурыз күні футболдан Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымы басталады. Биылғы маусым алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтары жекеменшікке өтуге тиіс деп нақты тапсырма берген еді. Осыған орай, жаңа маусым қарсаңында Kursiv.Media жекеменшікке өткен футбол клубтарына және олардың жаңа қожайындарына тоқталып өтті.

«Қайраттың» жаңа дәуірі: дағдарыстан халықаралық деңгейге дейін

Қазақ футболында алғашқы жекеменшік клубтың бірі алматылық «Қайрат» сонау 2010-шы жылдардың басында үлкен бетбұрысқа ұшырады. Қайрат Боранбаевтың академиялық үлгісі бүгінгі жаппай жекешелендіруге негіз болғаны анық.

Есімовпен келісім

Клубтың жекеменшікке өту тарихы сол тұстағы Алматы әкімі Ахметжан Есімовпен тікелей байланысты. Клубтың иесі, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың айтуынша, бәрі демеушіліктен басталған. Ол кезде «Қайрат» бірінші лигада ойнап, қаржылық әрі спорттық дағдарысты бастан кешіп жатқан.

Екі жыл бойы демеушілік көрсеткеннен кейін, команда жоғары лигаға оралып, бірақ турнирлік кестенің соңында қалғанда, Боранбаев клубты толықтай өз жауапкершілігіне алу туралы шешім қабылдайды. Әкіммен арадағы келісімшарттың басты шарты қаланың клуб ісіне араласпауы және инвестордың қаржылық міндеттемелерді толық мойнына алуы болды.

Сатып алу процесі:

Клубтың акцияларын иелену кезең-кезеңімен жүзеге асты:

  • 2012 жыл: «ҚазРосГаз» компаниясы клуб акцияларының 70%-ын иеленсе, әкімдік 30%-ын сақтап қалды.
  • Кейінгі кезең: «ҚазРосГаз» футбол активінен бас тартқанда, Боранбаев акцияларды ресми түрде сатып алды.

«Тегін алды деген әңгімелер шығатынын түсіндім. Олай емес. Ресми түрде ақшасын төледім» деген кәсіпкер бұрынғы сұхбаттарында. Нақты сома жарияланбағанымен, инвестордың иығына клубтың 1,2 млн доллар қарызы мен өртеніп кеткен базаның шығындары жүктелді.

Нәтиже: Қирандыдан заманауи академияға дейін

2011 жылдан бастап «Қайрат» үлкен инфрақұрылымдық жобаға айналды.

Инфрақұрылым: ТМД көлемінде теңдесі жоқ балалар мен жасөспірімдер академиясы салынды. Клуб мемлекеттік бюджетке жаутаңдауды қойып, еурокубоктарда тұрақты өнер көрсететін деңгейге жетті. «Қайрат» бүгінде өз түлектерін шетелдік клубтарға сатып табыс табуды үйренген алғашқы қазақстандық клуб болды.

«Қайрат» мысалы тиімді жекеменшік менеджменттің мемлекеттік басқарудан артықшылығын көрсеткен жоба. Егер 2010 жылы клуб банкроттық алдында тұрса, бүгінде ол Қазақстан футболының басты брендіне айналып отыр.

«Жеңіс» пен Ломтадзе: Астанадағы жаңа деңгей

Қазақстандық футбол клубтарының жекеменшікке өту процесі жаңа серпін алды. Алматылық «Қайраттың» ізін ала, елордалық аңызға айналған «Жеңіс» клубы да ірі инвестордың қолына өтті. Бұл жолы қазақстандық футболды дамытуға еліміздегі ең ірі финтех-гигант Kaspi.kz-тің негізін қалаушы Михаил Ломтадзе білек сыбана кірісті.

Елордалық «Жеңіс» қазақ футболының тарихында аты алтын әріппен жазылған ұжым. Үш дүркін ел чемпионы (2000, 2001, 2006) және үш мәрте Кубок иегері (2001, 2002, 2005) атанған клуб ұзақ уақыт көлеңкеде қалып қойған еді. Михаил Ломтадзенің келуі бұл команда үшін жаңа тыныс болмақ.

Инвестордың басты жоспарлары:

Әлемдік деңгейдегі академия: Ломтадзенің басты мақсаты Астанада ең заманауи балалар академиясын құру. Онда жас таланттар мүлдем тегін жаттығатын болады.

Ағылшын мектебімен байланыс: Ломтадзе бұған дейін Англияның «Wycombe Wanderers» клубын сатып алған болатын. Енді қазақстандық жеткіншектер футболдың отаны Англияның үздік мамандарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Технологиялық тәсіл: Kaspi.kz басшысы заманауи технологияларды қолдана отырып, футболшыларды дайындау әдістемесін жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.

«Менің арманым Қазақстанда және Англияда ең талантты жас футболшылар тәрбиеленетін кәсіби академия құру. Біз әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тәрбиелей аламыз деп сенемін», дейді Михаил Ломтадзе.

«Ақтөбе» және Qazaq Stroy

Қазақ футболындағы басты жаңалықтардың бірі Ақтөбеде болып тұр. Еліміздегі ең танымал әрі жанкүйері көп клубтардың бірі «Ақтөбе» биылғы маусымда нағыз трансферлік «бомба» жарып, әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды шақыру арқылы жаңа амбициясын көрсетті.

Клубтың тізгінін ұстаған Qazaq Stroy компаниясы мен оның негізін қалаушы Нұрлан Артықбаев «Ақтөбенің» қаржылық әлеуетін мүлдем жаңа биікке көтерді.

Нұрлан Артықбаев 2025 жылы Forbes Kazakhstan тізіміне алғаш рет еніп, 228 млн доллар байлығымен елдегі ең ықпалды 75 бизнесменнің қатарына (44-орын) қосылды.

Компания қуаты: Qazaq Stroy еліміздегі ең ірі компаниялар рейтингінде 14-орында тұр. 2024 жылғы 313,9 млрд теңге табыс пен 45,7 млрд теңге таза пайда компанияның клубқа ұзақ мерзімді инвестиция салуға қауқарлы екенін дәлелдейді.

Роналдумен бірге доп тепкен Нани Ақтөбеде

Маусым алдындағы сыбыстар шындыққа айналды: Португалия құрамасы мен «Манчестер Юнайтедтің» аңыз ойыншысы Нани «Ақтөбемен» келісімшартқа отырды. Бұл тек клуб үшін емес, бүкіл Қазақстан футболы үшін тарихи сәт болды.

Мұндай деңгейдегі жұлдыздың келуі стадионға келетін көрермен санын арттырып қана қоймай, жас ойыншылардың мотивациясына үлкен әсер етеді.

Жанкүйерлер арасында Наниден кейін тағы бірнеше әлемдік есімдер келеді деген болжамдар айтылуда. Инвестордың қаржылық мүмкіндіктерін ескерсек, «Ақтөбе» сапынан тағы да еуропалық топ-клубтарда ойнаған шеберлерді көріп қалуымыз ғажап емес.

«Қайсарға» халық жанашары келді

Қазақстан футболындағы жекеменшік клубтар керуеніне Сыр елінің мақтанышы «Қайсар» клубы да қосылды. Қызылордалық ұжымның жаңа дәуірі әлемдік деңгейдегі жұлдыздың трансферімен ерекшеленді.

Исламғали Қозбақов: «Мен иесі емес, орындаушымын»

Клубтың тізгінін қолға алған Tau Group компаниясының құрылтайшысы Исламғали Қозбақовтың ұстанымы өзге инвесторлардан ерекшеленеді. Ол өзін клубтың «қожайыны» емес, халықтың аманатын арқалаған адам ретінде таныстырды.

Tau Group компаниясы Қызылордадағы заманауи Kaysar Arena стадионын салып, клубтың инфрақұрылымын нығайтты.

Қайсар» менің емес, халықтың клубы. Мен сол халықтың арманын жүзеге асыратын адаммын», деген еді кәсіпкер бұған дейінгі сұхбаттарында.

Виктор Мозес Қызылордадағы Англия чемпионы

«Ақтөбе» Наниді әкелсе, «Қайсар» да қалыс қалған жоқ. Лондонның «Челси» сапында Англия чемпионы атанған, «Ливерпуль» мен «Интерде» ойнаған нигериялық жұлдыз Виктор Мозес енді «Қайсар» намысын қорғайды.

Мозестің келуі Қызылорда футболы тарихындағы ең ірі трансфер. Бұл клубтың тек ел ішінде емес, халықаралық имиджін де айтарлықтай көтерді.

«Ордабасы» және Шахмұрат Мүтәліп: Теміржолдан футбол алаңына дейінгі жол

Шымкенттік «Ордабасы» енді бюджетке емес, ірі өндірістік активтері бар бизнесменнің сенімді қолдарына өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп арасындағы келісім отандық спорттағы тағы бір стратегиялық трансформацияның үлгісі болды.

Жаңа иесі кім?

Шахмұрат Мүтәліп «Integra Construction KZ» компаниясының иесі. Компания теміржол, метро және стратегиялық маңызы бар инженерлік құрылыстар саласында жұмыс істейді. БАӘ, Италия, Грузия секілді елдерде филиалдары бар компанияның 2023 жылдың өзінде 10,36 млрд теңге салық төлеуі клубтың қаржылық тұрақтылығына кепілдік береді.

Компания «Алматы–Қорғас» тас жолы, «Арқалық–Шұбаркөл» және «Жезқазған–Сексеуіл» секілді алып теміржол магистральдарын салған. Бұл тәжірибе енді «Ордабасының» инфрақұрылымын заманауи деңгейге көтеруге жұмсалмақ.

«Ордабасының» жаңа стратегиясы

Шахмұрат Мүтәліп клубты тек спорттық жоба емес, әлеуметтік маңызы бар, ұзақ мерзімді бизнес-модель ретінде дамытуды көздеп отыр. Клубтың негізгі бағыттары:

  1. Инфрақұрылым: Жаттығу базаларын халықаралық стандартқа сай жаңарту.
  2. Цифрландыру: Басқару жүйесін толықтай заманауи IT-стандарттарға көшіру.
  3. Академия: Жас таланттарды даярлау жүйесін қайта құрып, клубтың «өзіндік өнімдерін» (түлектерін) нарыққа шығару.

«Тобыл» миллиардерлер қатарына қосылды

Қостанайлық «Тобыл» футбол клубы еліміздегі ең ықпалды әулеттердің бірі Ибрагимовтер отбасының тікелей қамқорлығына өтті.

Жаңа құрылтайшы – Шухрат Ибрагимов

Клубтың бас құрылтайшысы атанған Шухрат Ибрагимов әлемдік тау-кен өндірісінің алыбы Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы.

Марқұм Әлижан Ибрагимовтің («Фаттах» деген атпен танымал миллиардер) мұрагері. Ибрагимовтер отбасы $1,5 миллиард байлығымен Forbes тізімінде тұрақты орын алады.

Бұған дейін Әлімжан Қалдияровтың тұсында басталған медиа-белсенділік пен еуропалық бағыт енді Ибрагимовтың ресурстарымен еселене түспек.

«Шахтер» және Freedom: Қарағанды футболындағы 16 миллиардтық жоба

Қазақстанның ең тарихы терең ұжымдарының бірі қарағандылық «Шахтер» жаңа дәуірге қадам басты. Клубтың тізгінін танымал кәсіпкер Тимур Турлов өз қолына алды. Турловтың келуімен «Шахтер» бюджеттік тәуелділіктен арылып, заманауи бизнес-модельге көшпек.

Инвестиция көлемі: Инфрақұрылым мен Болашақ

Тимур Турлов келе салып, бірден клуб пен жастар футболын дамытуға арналған нақты цифрларды жариялады. Бұл көрсеткіштер жобаның ауқымын дәлелдейді:

  • 16 млрд теңге – футбол академиясының құрылысына арналған бюджет.
  • 4 млрд теңге – 2026 жылға арналған клубтың операциялық шығындары.
  • 6,5 млрд теңге – 2029 жылға дейін жастар, әуесқой футбол мен цифрландыру жобаларына бөлінетін қаражат.

«Бұл біздің холдингтің әлеуметтік шығындарының негізгі бөлігі. Пайдамыздың ондаған пайызын осы мақсатқа, яғни болашақ жұлдыздарды тәрбиелеуге жұмсаймыз», – деп атап өтті Тимур Турлов.

Жаңа философия: «Тек қазақстандықтар»

Клубтың жаңа бас бапкері, тәжірибелі маман Дмитрий Огай өзгеше шешім қабылдады: алдағы маусымда «Шахтер» сапында тек қазақстандық футболшылар ойнайды.

Яғни, легионерсіз құрам: Клуб қымбат легионерлерден бас тартып, өз академиясының түлектері мен отандық таланттарға (тіпті 2008 жылы туған жасөспірімдерге) сенім артпақ. Мақсаты: уақытша нәтиже қумай, ұзақ мерзімді мықты база қалыптастыру.

Қарағандыдағы жаңа спорт кластері

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Freedom компаниясы бірлесіп спорттық инфрақұрылымды жаңғыртуға кірісті:

Ескі стадион: 1956 жылы салынған «Шахтер» стадионы күрделі жөндеуден өтуде.

Жаңа арена: Майқұдық пен оңтүстік-шығыс арасында 12 мың орындық жаңа жабық стадион салынбақ. Бұл жеті нысаннан тұратын үлкен спорттық кластердің бір бөлігі болмақ.

Оқжетпесті фермер басқарады

Ақмола облысының басты футбол бренді «Оқжетпес» жаңа басқару жүйесіне көшті. Бұл жолы инвестор рөлінде бір адам емес, тұтас бір өңірдің агроөнеркәсіп иелері біріккен арнайы қоғамдық қор бой көрсетті.

Көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубы қоғамдық қорының тізгінін Қазақстанның Еңбек Ері, танымал аграр, «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр ұстады.

Клубты қаржыландыру тек Иван Сауэрдің мойнында емес, облыстағы бірнеше ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының пулы арқылы жүзеге асады. Бұл клубтың бір ғана инвесторға тәуелді болмауына кепілдік береді.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл қадамды бюджетке түсетін салмақты азайтып, клубты нағыз нарықтық жолға салудың тиімді тәсілі деп атады.

«Оқжетпестің» жаңа стадионы

Инвесторлармен бірге инфрақұрылымдық жаңалық та келді. Әкімдіктің хабарлауынша, 2026 жылы Көкшетауда УЕФА стандарттарына сай, 10 мың орындық заманауи жаңа стадионның құрылысы басталады.

Бұған дейін, «Атырау» мен түркістандық «Тұран» футбол клубы сатылымға шығарылғаны туралы жазған едік. Осылайша, биылғы футбол маусымы миллиардерлердің жарысына айналып, чемпиондық үшін талас қыза түспек.

Сондай-ақ оқыңыз