Таяу Шығыстағы қақтығыс теңгеге қалай әсер етеді – Жұманғариннің жауабы

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуы Қазақстанның логистикалық бағыттарына айтарлықтай әсер етуі екіталай. Алайда ол мұнай бағасының ауытқуы арқылы валюталық нарыққа ықпал етуі мүмкін. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында ахуал жайлы осылай пікір білдірді.

Оның айтуынша, Ресей мен Украинаға байланысты бағыттардан айырмашылығы, Қазақстан үшін Парсы шығанағы аймағы арқылы өтетін логистика ешқашан негізгі бағыт болмаған.

«Біз Парсы шығанағы порттарын өте сирек пайдаландық. Иә, тасымал болған, бірақ олар шешуші деңгейде емес. Жалпы ол жаққа бару қиын. Бұл инфрақұрылымның жай-күйіне де байланысты (транзит жолы едәуір ұзақ), қашықтық қысқа көрінгенімен. Себебі екі ел арқылы өту керек. Сондықтан логистикаға айтарлықтай әсер етпеуі тиіс деп ойлаймын. Ал мұнай бағасының ауытқуы валюта бағамына, айырбас бағамының өзгерісіне әсер етеді. Сондықтан бағамның құбылмалылығы – жақсы емес», – деді Жұманғарин.

Сонымен бірге ол мұнай бағасы өскен кезде теңге әдетте нығаятынын атап өтті. Оның сөзінше, валюта бағамының күрт өзгеруі нарықта алаңдаушылық туғызып, экономикалық жоспарлауға кедергі келтіреді.

Қазір Үкімет бұл жағдайды Ұлттық банкпен бірлесіп қарастырып жатыр. Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанның экономикалық саясатын жүзеге асыру үшін ең алдымен тұрақтылық қажет.

Айта кетейік, әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуі байқалғанымен, Қазақстан үкіметі ел бюджетін қайта қарауға ниетті емес. Вице-премьер Серік Жұманғариннің пайымдауынша, қалыптасқан жағдай әзірге мемлекеттің негізгі қаржы құжатын өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондай-ақ оқыңыз