Маңғыстаудағы кен орнында газ атқылады

Маңғыстау облысындағы Солтүстік-Шығыс Қаратұрын кен орнын бұрғылау кезінде газ атқылады. Қазір оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр деп жазады Lada.kz
Аймақтағы төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, №403 ұңғымасында бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде газ аралас су атқылаған. Биіктігі 15 метрге дейін жететін фонтан пайда болды, әзірге ол өшірілген жоқ
«Қазіргі уақытта қауіпті өндірістік нысанды пайдаланушы ұйымның күштері, «Ақ Берен» кәсіби апаттық-құтқару қызметі және облыстық ТЖД қызметкерлері апатты жою бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккендер жоқ. Биіктігі 15-20 метрге жететін су фонтаны байқалады. Жағдай бақылауда», – деп хабарлады ведомстводан.
«Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес оқыс оқиғаның себебіне тергеу жүргізіледі.
Солтүстік-Шығыс Қаратұрын кен орны «Бузачи Нефть» компаниясына қарайды. Осыдан үш жыл бұрын Қаратұрын кен орнында табиғи газ өртеніп, ол алты айға дейін созылған еді.
Бірақ соған қарамастан екі жыл бұрын компания Маңғыстау өңіріндегі «Қаратұрын теңіз» және «Шығыс Қаратұрын» кен орындарындағы 23 учаскені бұрғылауды бастаған.