Аятолланы опат қылмасам, ол менің басымды алар еді – Трамп

Жарияланды
Аятолланы опат қылмасам, ол менің басымды алар еді – Трамп / Фото: Shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамптың Израильмен бірігіп, Иранға соққы жасау керек деген тоқтамға келуіне жеке басқа қатысты себептер де әсер еткен: Иран билігі оған 2024 жылы қастандық жасамақшы болған, дейді The Washington Post жақында жариялаған мақаласында.

Өткен аптада Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған әуе шабуылы кезінде, Тегерандағы резиденциясы бомбаның астында қалып, елдің жоғарғы басшысы Аятолла Әли Хаменеи қаза тапты. Жексенбі күні АВС арнасына берген сұхбатында, Трамп Иран басшылығының оның өміріне қауіп төндіргенін алға тартып: 

«Мен оның [Аятолланың] көзін құртпасам, ол менің көзімді құртатын еді», – деген.

АҚШ билігі өкілдерінің сөзінше, Иран тарабы 2020 жылы қаңтарда Трамптың бұйрығымен өлтірілген генерал Қасем Сүлеймани үшін кек алмаққа Трампқа ел ішінде сайлауалды науқаны жүріп жатқан шақта екі рет (2024 жылғы шілде мен қыркүйекте) қастандық жасауға оқталған екен. 

Ақ үй қаскөйлердің Иран билігімен байланысты әрі солардың нұсқауымен әрекет еткенін дәлелдейтін айғақтар ұсынбады. Президент әкімшілігінен журналистерге түсінік берген, есімін атамауды сұраған бір лауазымды тұлға: 

«Аятолла Хаменеи сияқты террористерді жоқ қылуға миллион себеп табылар», – депті.

2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ әскери базаларына және басқа да нысандарға қарсы шабуыл жасады.

Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи 1 наурызда АҚШ-Израиль шабуылынан қайтыс болды. Оның көзін жою операциясы қалай жүргенін мына жерден оқи аласыздар. 

Сондай-ақ оқыңыз