Алматы облысында стоматологтар 5 мың адамды өтірік емдеп келген

Алматы облысында жекеменшік стоматология клиникалары іс жүзінде жасалмаған емдеу шараларын қағаз жүзінде көрсетіп келген. Тергеу мәліметінше, клиникалар желісінің директоры мемлекеттік сақтандыру қорымен 450 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасқан.
Ақша алу үшін «Дамумед» жүйесіне ем қабылдамаған адамдар туралы өтірік мәлімет енгізілген.
Ол үшін бұрын емханаға келіп кеткен балалардың жеке деректері мен дәрігерлердің есептік жазбалары пайдаланылған. Осылайша, жалпы саны 4 597 жалған медициналық қызмет тіркелген.
«Алайда күдікті медициналық ақпараттық «Damumed» жүйесіне ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған. Нақтысында аталған медициналық қызметтер пациенттерге көрсетілмеген. Заңсыз әрекеттеріне заңдылық сипат беру мақсатында күдікті дәрігерлердің есептік жазбаларын, сондай-ақ клиникаларға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланған», – делінген хабарламада.
Мемлекетке келтірілген шығын 66 миллион теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда сот шешімімен күдіктінің 23 миллион теңге ақшасы мен 29 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтарына бұғат қойылды.
Күдікті шығынның 11 миллион теңгесін қайтарды, қазір ол үй қамауында отыр.
Бұған дейін зейнетақы қорынан тіс емдеуге 200 млрд теңге заңсыз алынғаны анықталған. 42 стоматология арқылы зейнетақы қорынан қаржы заңсыз шығарылған. Клиника қызметкерлері жалған құжат жасап, қордағы қаржыны алуға көмектескен.