Қымбатшылық пен доллар бағамы: 2026 жылдың соңына дейін бізді не күтіп тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы нарығының өкілдері алдағы уақытта қымбатшылық деңгейі төмендемейді, оған қоса, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты қатаң күйінде қалады деп болжайды. Қаржы нарығы мамандарының пікірінше, инфляцияның қос таңбалы көрсеткіште сақталуы базалық мөлшерлеменің жоғары болуына және экономикалық өсімнің біраз баяулауына әкелуі мүмкін.

Қымбатшылық қысып тұр

Ақпан айында бағаның өсу қарқыны (инфляция) қаңтармен салыстырғанда жеделдеп, 1,1%-ды құрады. Осыған байланысты сарапшылардың басым бөлігі (82%) 6 наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қазіргі 18,0% деңгейінде қалдырады деп есептейді. Тіпті, кейбір мамандар негізгі көрсеткіштің бұдан да жоғары көтерілуі мүмкін екенін айтады.

Инфляциялық қысымның артуына байланысты бір жылдан кейінгі базалық ставка бойынша болжам 16,75%-ға дейін көтерілді.

Мамандар бір жылдан кейін де бағаның өсуі (инфляция) 11,4% деңгейінде жоғары болады деп күтеді. Бұл дегеніміз бағаны ауыздықтау үшін Ұлттық банктің қатаң ақша-кредит саясатын әлі де ұзақ уақыт сақтауына тура келеді.

Доллар бағамы мен мұнай бағасы қандай болмақ?

Теңге бағамына қатысты болжамдар соңғы жеті ай бойы жақсарып келеді. Бұған нарықтағы жоғары пайыздық ставкалар мен Ұлттық банктің валюта сату операциялары оң әсер етуде. Сарапшылардың есептеуінше, бір айдан кейін доллар 508,2 теңге маңында болады, ал бір жылдан кейінгі орташа бағамы 542,1 теңге деңгейінде қалыптаспақ.

Halyk Finance сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың басталуы жаһандық тәуекелдерді арттырып, долларды «қорғаныс активі» ретінде нығайтып жатыр. Бұл үрдіс теңгеге қысым түсіреді. Дегенмен мұнай бағасының өсуі алдағы уақытта ұлттық валютаға қолдау көрсетуі мүмкін.

Мұнай бағасына келетін болсақ, Brent маркалы шикізаттың бір жылдан кейінгі бағасы бойынша болжам 71,5 долларға дейін көтерілді. Бұған Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстардың салдарынан мұнай жеткізу іркілуі мүмкін деген қауіп себеп болып отыр.

Экономика баяулайды

Қаржылық жағдайлардың қатаң болуы мен мемлекеттік ынталандыру шараларының азаюы экономикалық белсенділікті біраз баяулатуы мүмкін.

Соның салдарынан, бір жылдан кейінгі ел экономикасының (ЖІӨ) өсімі бұған дейін болжанған 5,0%-дың орнына 4,8% болады деп күтілуде.

Жалпы алғанда, мамандар алдағы уақытта басты назар экономиканың қарқынды өсуіне емес, инфляцияны тізгіндеуге бағытталатынын меңзейді.

Сондай-ақ оқыңыз