Индонезияда ұсталған ерлі-зайыпты елге наурызда жеткізіледі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General News бөлімінің тілшісі
Атырауда бір отбасыны өлтірді деген күдікті Индонезияда ұсталды / Фото: Атырау полициясы

Индонезияда ұсталған Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева елге наурызда жеткізіледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.

«Жақын арада екі күдікті Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі. Жұмыс атқарып жатырмыз. Осы айда алып келеміз», – дейді Санжар Әділов.

Ал Атырау облысында із-түссіз кеткен екі адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Атыраудағы жұмбақ өлім

2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.

Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылған. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды

Содан кейін күдіктілер Индонезияда ұсталды. Оларды ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.

Полицияның хабарлауынша, ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.

Сондай-ақ оқыңыз