Миллиондық тендер мен СПА-сертификат: әкімдіктер аруларды қалай құттықтамақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
8 наурызға жарияланған тендерлерді талдадық / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Көктемнің алғашқы мерекесі жақындағанда, мемлекеттік сатып алу порталы «қыза» түсті. Әкімдіктер мен түрлі мекемелер әйелдер қауымын құттықтау үшін қаржы бөліп жатыр. Бірі Республика сарайында 53 млн теңгеге жұлдызды кеш ұйымдастыруды көздесе, енді бірі ауылдағы аналарға 30 мың теңгелік СПА-сертификаты мен шай сервисін сыйлауды жөн көрген. Kursiv.Media тілшісі мерекелік бюджеттің ең қызықты лоттарын зерделеп көрді.

Мемлекеттік сатып алулар сайтында жариялаған хабарландырулардың басым бөлігі жер-жерге мерекелік концерт ұйымдастыруға байланысты. Аудан мен қала әкімдіктері, түрлі мемлекеттік мекемелер қыз-келіншектердің көңілі үшін түрлі мәдени шара ұйымдастырмақ. Оларға бөлінетін қаржы көлемі де әртүрлі.

53 млн теңгеге өтпей қалған концерт

Алматы қаласының Мәдениет басқармасы 8 наурыз мерекесіне орай үлкен концерт ұйымдастырмақ болған. Мемлекеттік тапсырысты порталға мәдениет басқармасына қарасты «Алматы әуендері» мекемесі орналастырған. Басқарма бұл іс-шараға 53,6 млн теңге жұмсамақ болғанымен, концерт ұйымдастыруға ешкім қызығушылық таныптағандықтан, тендер өтпей қалған.

Фото: shutterstock

Мәдениет басқармасының талабы бойынша концерт Республика сарайында өтуге тиіс еді. Ұйымдастырушы шараның жалпы идеясын, сценарийін және режиссерлік жоспарын жасап, оны 3 күн ішінде тапсырыс берушімен келісуі керек.

Мерекелік бағдарлама әйелдерге деген құрмет пен ризашылықты көрсетуі қажет. Ұйымдастырушы концертке қатысатын әртістердің құрамын толық қамтамасыз етуге міндетті: оның ішінде кемінде бір Халық әртісі мен бір Еңбек сіңірген қайраткер, 30 адамнан тұратын театр труппасы мен 30 биші, вокалдық-аспапты ансамбль, 30 баладан тұратын хор, жеті эстрада жұлдызы және екі тілде еркін сөйлейтін кәсіби жүргізушілер болуы шарт.

Барлық қатысушының сахналық киімі, реквизиттері, гримі мен стиліне дейін ұйымдастырушы жауап береді. Сонымен қатар концерт алдында кемінде екі дайындық және бір бас репетиция өткізуді қамтамасыз етеді. Техникалық жағынан LED-экрандарға арналған арнайы бейнеролик пен графикалық контент дайындалып, дыбыс жазу студиясында ән жазылып және диктор мәтіні дайындалуға тиіс.

Оған қоса, концертті ұйымдастырушы 2600 дана шақыру билетінің дизайнын жасап, басып шығарып, уақытында жеткізуге міндеті жүктелді. Сондай-ақ авторлық құқық мәселелерін өз мойнына алып, қажетті төлемдерді өзі өтеуі керек.

Шара аяқталған соң, атқарылған жұмыстың сапасын дәлелдейтін фотоесеп, бейнематериалдар және жұмсалған шығыстардың сметасы қоса берілген толыққанды есеп өткізілуі керек. Егер осы құжаттар мен есептер түгел болмаса, атқарылған жұмыс қабылданбайды және ақысы төленбейтіні жазылған.

Өтпей қалған тендер қатарында Курчатов қалалық мәдениет үйі жариялаған лот та бар. Мәдениет үйі 8 наурызға қарай 689 мың теңгеге 49 дана микротолқынды пеш сатып алмақ болған. Алайда бұл лотқа баға ұсынысы болмаған.

Ұлытау облысындағы аналарға арналған кеш

Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығы» 12,9 млн теңгеге «8 наурыз-Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» туралы конкурс жариялаған.

Техникалық талапқа сай, ұйымдастырушы 300 адамға (ардагерлер, көпбалалы аналар, марапат иелері) арналған жоғары деңгейдегі салтанатты кеш өткізуге тиіс.

Ең алдымен, ұйымдастырушы іс-шараның сценарийін, жұмыс жоспарын және техникалық шешімдерін (дыбыс, жарық, сахна схемасы) кеш басталғанға дейін 15 күн бұрын тапсырыс берушімен келісуге тиіс болған.

Мереке екі бөлімнен тұрады: қонақтарды күтіп алу және концерттік бағдарлама. Кеш өтетін ғимараттың кіреберісіне қызыл кілем төселіп, фойе мен сахна тірі гүлдермен, шарлармен және үлкен LED-экрандармен (10х6 метр) безендірілуі қажет.

Қонақтарды фойеде музыканттар немесе ансамбль салтанатты түрде қарсы алады, ал экрандарда жасанды интеллект көмегімен дайындалған арнайы құттықтау видеолары көрсетілуге тиіс.

Мәдени бағдарламаның ішінде 12–15 минуттық мерекелік мюзикл немесе театрландырылған қойылым ұйымдастырылуы шарт. Оған кемінде 30 баладан тұратын би ұжымы, 12 ер адамнан тұратын хор және 20 кәсіби биші қатысуы керек.

Сондай-ақ, тапсырыс берушімен келісе отырып, Қазақстанның кемінде екі эстрада жұлдызын шақыру және екі тілде еркін сөйлейтін кәсіби жүргізушілерді тарту міндеттеледі. Марапаттау рәсімі кезінде сыйлық пен гүлдерді (ұзындығы 1 метрлік раушандар) сахнаға шығару үшін 16 адамнан тұратын арнайы имидждік топ (жігіттер мен қыздар) жұмыс істейді. Бұдан бөлек, залдағы 300 әйелдің әрқайсысына бір-бірден қызғалдақ гүлі берілуге тиіс.

Техникалық жағынан ұйымдастырушы дыбыс пен жарықтың сапасына, шақыру билеттері мен алғыс хаттардың басылуына және кәсіби фото-видео түсірілімге жауапты. Шара барысында мобилограф Reels видеоларын дайындап, әлеуметтік желіге жедел жариялап отыруы қажет.

Концерт соңында «салқын фонтан» немесе конфетти сияқты сахналық эффектілер қолданылады. Барлық жұмыс аяқталған соң ұйымдастырушы толық фото-видео есеп береді. Төлем тек жұмыс толық әрі сапалы атқарылғаннан кейін ғана аударылады, алдын ала төлем (аванс) қарастырылмаған.

Конкурсқа қатысуға 9 кәсіпкер өтініш беріп, іс-шараны 8 млн теңгеге ұйымдастырып беруді ұсынған Гұмар Ақжанға тиесілі «ТОНЕРИКО» компаниясы жеңіп алған.

Концерт пен дастарханға 5 млн теңге

Абай облысы мерекелік концерт пен дастарқанға қатты шашылмай, 5,3 млн теңге жұмсауды ұйғарыпты. Өнім беруші облыстың дамуына үлес қосып жүрген 110 әйелге арнап жоғары деңгейдегі мерекелік кеш ұйымдастыруы керек.

Ең алдымен, шара Семей қаласындағы кемінде 250 орындық үлкен мейрамханада өтуі тиіс. Ұйымдастырушы 110 адамға арналған мерекелік дастарқан жаяды: мәзірде екі түрлі ыстық тамақ, үш түрлі салат, бес түрлі тіскебасар, тәттілер мен сусындар болуы шарт.

Қонақтарды фойеде оркестр (халық аспаптары немесе эстрадалық-симфониялық) әуенмен қарсы алады. Сондай-ақ мейрамхана залы мерекелік стильде безендіріліп, арнайы фотозона орнатылуы қажет. Қажет болса, қонақтарды тасымалдау үшін 50 орындық екі автобус бөлінеді.

Мерекелік бағдарлама кемінде 2 сағатқа созылуы керек және оны мемлекеттік тілде сөйлейтін кәсіби жүргізуші басқарады. Концертте трио, квартеттер мен би ұжымдары өнер көрсетеді.

Салтанатты кеш кезінде әрбір әйелге құны кемінде 20 000 теңге болатын естелік сыйлық пен құны 17 000 теңгеден кем емес сапалы раушан гүл шоғы (лентамен безендірілген 100 дана) табысталады. Сонымен қатар әр қонақ үшін арнайы құттықтау ашықхаттары дайындалады.

Техникалық жағынан ұйымдастырушы залды дыбыс, жарық және LED-экранмен жабдықтап, шараның кәсіби фото және бейнетүсірілімін жасауға міндетті. Шара туралы ақпарат облыстық телеарнада және интернетте жариялануы тиіс.

Барлық жұмыс 2026 жылдың 10 наурызына дейін аяқталып, соңында фото-видео материалдар мен толық есеп өткізілгеннен кейін ғана ақысы төленеді. Барлық сценарий, мәзір және сыйлықтардың түрі алдын ала тапсырыс берушімен келісіледі.

Конкурсты 3,3 млн теңге ұсынған Әлімбеков Самат деген жеке кәсіпкер жеңіп алған.

Мерекелік концерттен бөлек, аудан мен ауылдарда келіндер сайысы, әдеби-сазды кеш, волейбол турнирі, іскери форум ұйымдастырылады.

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

8 наурызға сыйлық: гүл, SPA-ға сертификат пен сувенир

Мерекелі сыйлықтарға қатысты лоттардың басым көпшілігі гүл сатып салуға бағытталған. Негізінен ұзын раушан мен әдемі қызғалдақтарға сұраныс жоғары.

Арасында Аршалы ауданының ішкі саясат басқармасы секілді ерекше көзге түскендері де бар. Бұл басқарма әйелдер мерекесіне орай 450 мың теңгеге 15 дана СПА-сертификатын сатып алуға шарт жасасқан. 30 мың теңгелік сертификат мерекеге орай сыйға тартылуға тиіс. Конкурсты сертификатты 29999 теңгедан ұсынған «Сабыр» дара кәсіпкері жеңіп алған.

Сонымен қатар Қармақшы аудардық мәдениет үйі жалпы 517 мың теңгеге келісімшарт жасасқан. Соның ішінде 220 мың теңгеге 254 дана раушан гүлін, фейерверк, арнайы жиектеме және гүл шоғын алады.

Түркістан облысындағы Отырар ауданының әкімдігі 60 әйелге гүл мен шай сервизін сыйламақ. Ол үшін екі тендер өткізіліп, 576 мың теңге жұмсаған. Ал Арыс қаласының әкімдігі 889 мың теңгеге кейтеринг қызметіне тапсырыс берген.

Күршім ауданының «Шабыт» коммуналдық мекемесі 15 мың теңгеден 80 адамға шай сервизін сыйламақ. Жалып сомасы 1,2 млн теңге жұмсалған.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астана мен Алматының аудандарында концерт ұйымдастырылып, гүл тарату акциясы өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз