Таяу Шығыстан 4000 қазақстандық елге оралды

Көлік министрлігі Таяу шығыстан қазақстандықтарды қалай әкетіп жатқаны туралы егжей-тегжейлі ақпарат жариялады.
Министрліктің мәліметінше, 4 наурыздан 5 наурызға қараған түні Қазақстанға Air Astana және Flydubai әуе компаниялары 5 рейс жасаған.
Осы рейстермен елге 851 жолаушы жеткізіліп отыр.
5 наурыз күні Қазақстанға жолаушыларды алып келу үшін қазақстандық және шетелдік әуе компаниялар тағы бірнеше рейс орындайды. Айталық, Air Astana әуе компаниясы Жидда – Ақтау – Алматы және Жидда – Атырау – Алматы бағыттары бойынша екі рейс орындауды жоспарлап отыр.
SCAT Airlines әуе компаниясымен Маскат – Алматы бағыты бойынша 2 рейс орындалады. Air Arabia әуе компаниясы Шарджа – Алматы бағыты бойынша рейс орындауда. Тәуліктің соңына дейін осы бағытта тағы бір рейс жоспарланған.
Flydubai әуе компаниясы Дубай қаласынан Алматы және Астана қалаларына рейстер жасауды жоспарлап отыр. Алайда қазір жолаушылар саны нақтылану үстінде.
3 наурыздан бастап Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан Республикасына барлығы 12 рейс ұшып келген. Нәтижесінде 2111 жолаушы елге оралды.
Бүгінгі күнмен қосқанда Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға шамамен 4000 азамат жеткізіледі.
«Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының бірлескен жұмысы аясында жалғасып жатыр», – делінген мәліметте.
Мұның алдында 306 қазақстандық эвакуациялық рейспен Дубайдан елге оралған еді.