Щучинск пен Семейдегі өрт: Бектенов газ қызметтерін бақылауды күшейтуді тапсырды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: ашық дереккөз

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар басшыларының назарын Щучинск және Семей қалаларында болған оқиғаларды ескере отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударды.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бүгін аталған екі факт бойынша қылмыстық істер қозғалғанын, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның сөзінше, Щучинск қаласында қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілді.

«Ведомствоаралық комиссия жұмыс істеуде, оның қорытындысы бойынша осыған ұқсас оқиғалардың орын алуына жол бермеу жөнінде кешенді шаралар әзірленетін болады. Жарылыстың себебі – тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану ережелерінің бұзылуы. Семей қаласындағы балалар ойын-сауық орталығында орын алған өртке келетін болсақ, ТЖМ күштері өртті тез арада тоқтатты, бұл адам шығынының болмауына мүмкіндік берген», – делінген Үкімет таратқан хабарламада.

Олжас Бектенов ТЖМ-ге әкімдіктермен бірлесіп өрт қауіпсіздігін күшейтуді, профилактикалық рейдтер жүргізуді және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Щучинскідегі жарылыс

Еске салсақ, 27 ақпан түнде Ақмола облысындағы Щучинск қаласында тұрғын үйде орналасқан дәмханада газ жарылды. Салдарынан тоғыз адам қайтыс болды, тағы жеті адам ауыр жарақатпен ауруханада жатыр

Жарылыста зардап шеккен бес отбасының несиелері демеушілік қаражат есебінен өтелетін болды.  

Бүгін Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз