Tank жол талғамайтын көлігінің дизайны жаңарды

Great Wall Motor компаниясы жаңа Tank 700 Hi4‑Z жол талғамайтын көлігін ресми түрде таныстырды.
Сarnewschina ақпаратына қарағанда, модель LiDAR технологиясымен, жаңартылған дизайнымен және электр қуатымен 190 шақырымға дейін жүретін гибрид жүйесімен ерекшеленіп отыр.
Жаңа келбеті
Көліктің сыртқы келбеті аздап жаңартылған. Алдыңғы бөлігінде желдеткіш саңылаулары бар капот орнатылған. Ал фаралар мен радиатор торының дизайны негізінен бұрынғы Tank 700 Hi4‑T үлгісіне ұқсас.
Алдыңғы бампер үш бөліктен тұрады және спойлермен толықтырылған. Бүйір жағында кең дөңгелек аркалары бар берік жол талғамайтын құрылым сақталған. Төбесіне орнатылған LiDAR сенсоры арқылы жүргізушіге көмек беретін жүйелердің мүмкіндігі кеңейген. Сондай-ақ 20 және 21 дюймдік жаңа дискілер ұсынылады.
Көліктің өлшемдері
Артқы жағында төбе спойлері мен ортасына орнатылған камера бар. Багаж есігі көлденең ашылады және сыртында орналасқан қосалқы дөңгелегі бар.
Көліктің өлшемдеріне келсек, ұзындығы – 5105 мм, ені – 2061 мм, биіктігі – 1985 мм, ал дөңгелек базасы – 3000 мм.
Tank 700 Hi4-Z үшін әртүрлі жеке баптау нұсқалары қарастырылған. Алдыңғы және артқы бампердің түрлі әрлеуі, панорамалық люк, сондай-ақ алтын түсті эмблемалар бар. Көлік тежегішсіз 750 келі, ал тежегішпен 2500 келі жүк тіркемесін сүйрей алады.
Қуаты қандай
Капотының астында 2,0 литрлік қосылатын гибридті қозғалтқыш орналасқан. Оның қуаты 185 кВт (248 а.к.). Ол сыйымдылығы 59,05 кВт·сағ литий-ион батареясымен жұмыс істейді. Бұл жүйе CLTC стандарты бойынша электр режимінде 190 км-ге дейін жүруге мүмкіндік береді. Ал аралас жанармай шығыны – 100 км-ге 8,45 литр.
28 ақпанда компания төрағасы Вэй Цзяньцзюнь әлеуметтік желіде жаңа модельдің тизерін жариялаған болатын. Бүгін сол көлік — Tank 700 Hi4-Z ресми түрде таныстырылды.
Мұның алдында Haval H9 көлігінің 2026 жылы қандай өзгеріске түскені белгілі болды.