Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім шығарды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарып, негізгі көрсеткішті үшінші рет 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18,00% деңгейінде белгіледі. Пайыздық дәліз +/- 1,0 п.т. құрады», – делінген хабарламада.

Қазақстанда инфляция, яғни тауарлар мен қызметтер бағасының өсу қарқыны біртіндеп бәсеңдеп, 2026 жылдың ақпанында 11,7% деңгейіне түсті. Дегенмен бағаның өсуі әлі де жоғары болып қалып отырғандықтан, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады.

Бұл дегеніміз елдегі несиелердің пайызы жоғары болып қала береді, ал депозиттер бойынша табыс та тартымды деңгейде сақталады. Мұндай қадам халықтың ақшаны жаппай жұмсамай, жинақтауына жағдай жасау арқылы нарықтағы сұранысты азайтып, бағаның одан әрі шарықтауын тежеу үшін жасалып отыр.

Инфляцияның төмендеуіне теңге бағамының нығаюы, кепілсіз несие берудің азаюы және Үкіметтің коммуналдық төлемдер мен жанармай бағасына қойған уақытша шектеулері оң әсерін тигізді.

Сонымен қатар әлемдік нарықта сүт пен қант сияқты өнімдердің арзандауы да ішкі нарыққа септігін тигізуде. Алайда ақпан айындағы күнделікті тұтынатын тауарлар бағасының бір айлық өсімі әлі де жоғары болып тұрғаны мамандарды сақтық танытуға мәжбүрлейді.

Болжам бойынша, алдағы жылдары мұнай бағасы бір баррель үшін 60-66 доллар төңірегінде болады, бұл экономика үшін тұрақтылық бергенімен, инфляцияны 5%-дық мақсатты деңгейге түсіру үшін әлі де уақыт қажет.

Осыған байланысты, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені, яғни несие пайыздарын төмендету мүмкіндігін тек 2026 жылдың екінші жартыжылдығында ғана қарастыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда экономикалық саясаттың басты мақсаты – бағаның тұрақты төмендеуіне қол жеткізу және халықтың инфляцияға қатысты қауіптерін сейілту.

Бұған дейін қаржы нарығының өкілдері бас банк базалық мөлшерлені 18 пайыз деңгейінде қалдырады деген болжам жасаған. Тіпті, кейбір мамандар негізгі көрсеткіштің бұдан да жоғары көтерілуі мүмкін екенін айтқан. Өйткені елдегі инфляция әлі де жоғары болып тұр.

Goldman Sach сарапшылар Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тек ІІ тоқсанда ғана төмендетуі мүмкін деп тұжырымдаған.

Олар болжамында Қазақстанның инфляциялық динамикасы баяулап, экономикалық жағдай тұрақталатын болса, көрсеткішті төмендетудің алғашқы қадамы жасалуы ықтимал екенін көрсеткен.

Сондай-ақ оқыңыз