Доллар бағамы 400 теңгеге дейін арзандауы мүмкін бе

АҚШ долларының бағамы 400 теңгеге дейін құнсызданады деп күтуге негіз жоқ. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, мұндай сценарий реттеушінің базалық болжамдарында мүлдем қарастырылмаған.
Бас банкир валюта нарығындағы ахуалға тоқтала келе, кез келген өзгерістің алдымен шынайы экономикалық факторларға негізделуі тиіс екенін атап өтті.
Сүлейменовтың айтуынша, теңгенің 400 межесіне дейін күрт күшеюі үшін еліміздің экономикасы мен өнеркәсібі экспорт көлемін еселеп арттырып, импортты барынша қысқартуы қажет.
Тек осындай түбегейлі өзгеріс қана валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың жаңа теңгерімін қалыптастыра алады. Алайда қазіргі жағдайда мұндай секірістің болуы екіталай, сондықтан Ұлттық банктің стратегиялық жоспарларында мұндай көрсеткіш қамтылмаған.
Қазір доллар бағамы 500 теңге төңірегінде қалыптасып отыр. Қор биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде 1 доллардың құны 493,36 теңгені құрады.
Қаржы реттеушісі ұлттық валютаның құбылмалылығы 5-7 пайыздан аспайды деп болжап отыр. Ұлттық банк бағамның екі бағытта да күрт өзгеруіне алғышарттар көріп тұрған жоқ.
Дегенмен, реттеуші нарықтағы ахуалды жіті бақылауда ұстамақ. Егер нарықта алыпсатарлық әрекеттер белең алып, бағам негізсіз құбыла бастаса, Ұлттық банк интервенция жасау арқылы жағдайды тұрақтандыруға дайын.
Бұған дейін бас банкир әлемдік нарықта мұнай бағасының қымбаттауы теңгенің нығаюына әсер етеді деп тұжырымдаған.