Қазақстандықтар Веронадағы паралимпиада ашылуында ел байрағын мақтанышпен алып өтті

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Қазақстандықтар Веронадағы паралимпиада ашылуында ел байрағын мақтанышпен алып өтті / Фото: ҰОК

Жақын арада қазақстандық паралимпиадашы спортшылар Италияда медаль үшін күреске кіріседі, ал әзірге олар XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ресми ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты шарада Қазақстан туын пара-шаңғышы Нұрлан Әлімов алып шықты. Бұл додаға әлемнің 56 елінен 600-ден астам спортшы қатысады. Ұлттық құрама спортшылары спорттың екі түрінен бақ сынайды.

Қазақстан намысын жеті спортшы қорғайды

Пара биатлон және пара шаңғы жарысы бойынша жарыстарға Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин, ал пара шаңғы жарысына – Нұрлан Әлімов, Анна Грачева және Владислав Кобаль қатысады.

«Бұл Ойындар – біздің құрама үшін шеберліктерін көрсетіп, ел намысын лайықты қорғаудың тағы бір маңызды мүмкіндігі. Қазақстан ұлттық құрамасының әрбір спортшысы бұл жарысқа дайындық барысында ұзақ әрі қиын жолдан өтті. Олар күнделікті еңбегімен өз мүмкіндіктерін және жоғары нәтиже үшін күресуге дайын екендіктерін дәлелдеді. Ертең спортшыларымыз үшін алғашқы жарыс күні басталады. Барша қазақстандықтарды ұлттық құраманы қолдауға шақырамын. Спортшыларымызға сәттілік, адал күрес және жарқын жеңістер тілеймін», – деп атап өтті спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев.

Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығында өтеді. Пара шаңғы жарысы, пара биатлон, арбадағы керлинг, пара сноуборд, тау шаңғысы спорты және пара хоккейден 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Алғашқы жарыстар бүгін басталады

7 наурызда Паралимпиадада құрама пара биатлоннан 7,5 шақырымға созылатын спринттік жарысқа қатысады. Ел намысын Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин қорғайды.

Бұған дейін Миландағы 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан жалпы медальдық есепте 19-орын алғанын жазған едік. Ел қоржынына жалғыз марапатты мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салды.

Сондай-ақ оқыңыз