Израиль Бейруттағы қонақүйге соққы жасады

Ливан астанасы Бейрут орталығындағы Ramada қонақүйі ғимаратына Израильдің соққы беруі салдарынан кем дегенде төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды BBC.
Басылымның жазуынша, Израиль тарапы Ливан астанасында әрекет еткен ирандық командирлер нысанаға алынғанын мәлімдеген.
«Бұл соққы өткен аптада Израиль мен «Хезболла» арасындағы ұрыс қимылдары қайта басталғалы бері Израильдің Бейруттың дәл орталығына жасаған алғашқы шабуылы болды. Бейруттағы Рауше ауданына жасалған соққы салдарынан тағы он адам жарақат алды, деп айтылған Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде», – делінген жарияланымда.
Израиль операцияның мақсаты Ислам революциясы сақшылар корпусының «Кудс» элиталық бөлімшесінің негізгі командирлері болғанын хабарлады, бірақ олардың есімдері аталмады.
Басылымның атап өтуінше, қонақүйге Ливанның оңтүстігіндегі және Бейруттың оңтүстік маңындағы соғыс салдарынан үйлерін тастап кеткен адамдар орналастырылған болатын. Олардың кейбірі жаңа әуе соққыларынан қауіптеніп, ғимараттан кетіп қалған.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарға өңірдегі белсенді соғыс қимылдары тоқтап, жағдай тұрақталғанға дейін Таяу Шығыс елдеріне барудан бас тартуды ұсынғанын жазған едік.