WeRide және Geely 2000 роботакси шығармақ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Роботакси / фото: Сarnewschina
Роботакси / фото: Сarnewschina

WeRide және Geely компаниялары 2026 жылға дейін GXR үлгісіндегі 2000 роботаксиді шығаруды жоспарлап отыр.

Сarnewschina ақпаратына қарағанда, бұл көлік Farizon брендіне тиесілі Farizon SV минивэні негізінде жасалған.

Жаңа роботаксидің ұзындығы 5018 мм-ге дейін жетеді. Ал есік ойығының ені – 1831 мм. Көлік 20-дан астам датчикпен жабдықталған. Жоғары өнімді чипке негізделген жүйе қолданады. Оның есептеу қуаты 2000 TOPS-қа дейін жетеді.

WeRide немен айналысады

WeRide – 2017 жылы Baidu компаниясының автономды жүргізу бөлімінде жұмыс істеген Тони Хан негізін қалаған автономды жүргізу технологияларын дамытатын компания. Қазір ол көптеген автокөлік өндірушілерімен, соның ішінде Yutong Group және Geely компанияларымен жұмыс істейді. Компанияның жүргізушісіз көліктері 11 елде сынақтан өткен.

Сонымен қатар олар Қытай, Біріккен Араб әмірліктері, Сингапур, Франция, Швейцария, Сауд Аарабиясы, Белгия және АҚШ елдерінде жұмыс істеуге рұқсат алған.

Robotaxi GXR туралы

Robotaxi GXR – WeRide мен Farizon компаниялары бірлесіп жасаған жаңа өнімдердің бірі. Ол 2024 жылдың соңында Farizon SV (Super Van) платформасында құрылған роботакси ретінде таныстырылды.

Коммерциялық пайдалану Қытай, Біріккен Араб әмірліктері және Сауд Арабиясында басталды. 2026 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша, WeRide роботаксилерінің паркі 1023 көлікке жеткен.

Жаңа нұсқа

8 наурыз күні компания GXR роботаксисінің жаңартылған нұсқасын таныстырды. Ол WeRide-тың Gen8 автономды жүргізу жүйесімен жабдықталған. Көлікте мың сызықты LiDAR қолданылып, нүктелік бұлттың ажыратымдылығын 17 есе арттырады. Анықтау қашықтығы 600 метрге дейін жетеді, бұл саладағы көптеген шешімдерден 2-3 есе жоғары. Мұндай мүмкіндік жүйенің реакция уақытын 70%-ға арттырып, тіпті кішкентай кедергілерді де анықтауға мүмкіндік береді.

Бағасы төмендейді

Robotaxi GXR электронды шассимен жабдықталған. Соның арқасында көлікті құрастыру уақыты бір сағаттан 10 минутқа дейін қысқарған. Жалпы көлік құны шамамен 15%-ға төмендейді деп күтілуде.

Минивэннің ұзындығы – 5018 мм, дөңгелек базасы – 3100 мм, ал салон биіктігі – 1340 мм. Алдыңғы қатарда жолаушы орындығы жоқ. Екінші қатарда аяққа арналған кеңістігі 0,5 метрден асатын екі жеке орындық бар. Ал үшінші қатарда 0,4 метрден астам орын қарастырылған. Сондай-ақ көлік ені 1831 мм және биіктігі 1285 мм болатын сырғымалы есіктермен жабдықталған.

2030 жылға қарай ондаған мың роботакси

8 наурыз күні WeRide мен Farizon стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2026 жылы 2000 роботакси жеткізу жоспарланған.

Компания биыл әлемдегі роботакси паркін 2600 көлікке дейін ұлғайтуды көздейді. Ал ұзақ мерзімді мақсат – 2030 жылға қарай ондаған мың роботаксиден тұратын парк қалыптастыру.

Айта кететін жайт, Tesla да өз роботакси қызметін сынақтан өткізуді бастады.

Сондай-ақ оқыңыз