Астанада оқушылар шұғыл түрде қашықтан оқуға көшті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Желдің күшеюіне байланысты 0-6 сынып оқушылары онлайн оқитын болады / Фото: Shutterstock

Астанада мектеп оқушыларықатты желге байланысты қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«10 наурыз күні ауа райының қолайсыздығына (желдің күшеюіне қатысты) байланысты екінші ауысымның 0-6 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», –делінген хабарламада.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 10 наурыз күні Астанада солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с, күндіз кей жерлерде 23 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақмола облысында қар мен боран күтіледі, кей жерлерде қалың қар жаууы мүмкін. Жекелеген аудандарда тұман түсу ықтимал. Жел батыс және солтүстік-батыс бағыттан соғып, екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін жетеді.

Еске сала кетейік, 10 наурызға Қазақстанның барлық өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дауылды ескерту жарияланған. Синоптиктер ауа температурасының күрт төмендеуін, боран, көктайғақ және тұман болатынын болжайды.

Сондай-ақ, Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы республикалық маңызы бар тас жолдардың бірнеше учаскесі жабылды.

«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, ауа райының тұрақсыз болуы атмосфералық фронттардың әсерімен байланысты. Елдің солтүстік-шығысы мен орталығында қалың қар жаууы мүмкін. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде кей уақытта жаңбыр мен қар түріндегі мол жауын-шашын күтіледі.

Сондай-ақ республика бойынша желдің күшеюі, көктайғақ пен тұман, ал солтүстік өңірлерде боран болуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз