Таяу Шығыс елдерінен 8,5 мыңнан аса қазақстандық елге оралды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
СІМ қазақстандықтарды эвакуциялау жұмыстарын жалғастырып жатыр/фото: shutterstock

Таяу Шығыс елдерінен сегіз жарым мыңнан аса қазақстандық елге оралды. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, азаматтарды эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.

«Эвакуация басталғалы бері Таяу Шығыс елдерінен 8 585 қазақстандық елге қайтарылды. Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде іс-қимылдарды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыста», – деп хабарлады министрлік.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдай тұрақталғанға дейін Таяу Шығыс елдеріне барудан бас тартуды ұсынды.

Сондай-ақ 6 наурызда Израильде – 163, Қатарда 3 мыңнан астам, БАӘ-де 4 мыңнан астам, Сауд Арабиясында 1 800-дей қазақстандық бар екені айтылды.

Таяу Шығыстағы жағдай

2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ әскери базаларына және басқа да нысандарға қарсы шабуыл жасады.

1 наурызда Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи АҚШ-Израиль шабуылынан қайтыс болды

5 наурызда Иранның әскери дрондары Әзербайжан жеріне құлады. Дрондардың бірі әуежай терминалына, екіншісі Шекерабад ауылындағы мектеп ғимаратының жанына түскен. Салдарынан екі адам зардап шекті.

Содан кейін Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Иран елшісін шақырып, оған наразылық нотасын тапсырды.

Ал Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Карем Ғарибабади AnewZ редакциясына Тегеранның «көрші елдерге соққы жасамайтынын» мәлімдеген

6 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израиль Иран жеріне «кіріп, бәрін толық тазартуды» көздеп отырғанын айтты.

7 наурызда Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір-Саид Иравани Иранда АҚШ пен Израиль соққылары салдарынан кем дегенде 1 332 адам қаза тапқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз