Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы қашан басталады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Ұмай» ипотекасы қашан басталады / Фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы биыл жазда қайта жандануы мүмкін. «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарламаны қаржыландыру шілде-тамыз айларына жоспарланып отыр.

Бұл жолы банк «Азия даму банкімен» (АДБ) бірлесіп, ауқымды жұмыс бастамақ. Жалпы көлемі 90 миллиард теңге болатын қаржы екіге бөлінеді:

  • 45 млрд теңге – «Ұмай» бағдарламасына;
  • 45 млрд теңге – экологиялық таза үйлерді алуға арналған «Жасыл ипотекаға» бағытталады.

Негізі бағдарлама 2025 жылдың басында басталуы керек еді. Бірақ нарықтағы жағдай мен тиімді шарттарды күту мақсатында мерзімі сәл шегерілген.

Қазіргі уақытта Азия даму банкі Қазақстан қор биржасына шығып, теңгемен облигациялар шығару мәселесін реттеп жатыр. Осы құжаттар дайын болған бойда, шілде-тамыз айларында өтінім қабылдау басталуы тиіс.

Бағдарламаның жаңартылған шарттары қандай?

«Ұмай» ипотекасымен несие алу үшін үй құнының кемінде 20%-ын бастапқы жарна ретінде құю қажет, ал қарыздың ең жоғары сомасы 30 миллион теңгені құрайды. Несие мөлшерлемесі алғашқы кезеңде 15,4%-дан басталып, кейіннен 3,6%-ға дейін төмендейді. Қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін созылады.

Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – тұрғын үйді таңдау еркіндігінде. Қатысушылар жаңа салынған үйді де, ескі нарықтағы пәтерлерді де сатып ала алады. Сонымен қатар, қай қалада тіркелгеніңіз маңызды емес және атыңызда өзге жылжымайтын мүліктің болуы бағдарламаға қатысуға еш кедергі келтірмейді.

«Бәрі күтіп отыр. Instagram-дағы парақшамызға «Ұмай» қашан басталады?» деген сұрақтар өте көп жазылады», – деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

Бұған дейін әлеуметтік желідерде ипотекалық брокерлер бағдарлама қайта қосылды деп жазғанымен, «Отбасы банк» бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

Сондай-ақ оқыңыз