БЖЗҚ ақшасын қайтадан тіс емдеуге жұмсауға болады

Жақын арада БЖЗҚ қаражатын қайтадан тіс емдеуге пайдалануға болады. Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бұл мәселені көтеріп жатқанын айтты.
Қаржыны мақсатсыз пайдаланғандар кесірінен өзгелердің мүмкіндіктен айырылып қалғандары өкінішті дейді ол.
«Жинақтарын тиімсіз жұмсаған 10% халықтың кесірінен қалған 90% салымшының бұл мүмкіндіктен қағылғаны өкінішті. Мұны әділетсіз деп санаймын. Енді 2026 жылдың соңына дейін бұл процесті бір жүйеге келтіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оған стоматологиялық клиникалар мен қызмет көрсететін барлық басқа да емханалар қосылуы керек. Ал орындалған жұмыс актілері онлайн форматта рәсімделіп, Денсаулық сақтау министрлігімен біріктіріледі. Нәтижесінде бәрі ашық әрі түсінікті болады», – деді ол.
Ибрагимованың сөзінше, зейнетақы жинағын емдеуге пайдалану туралы соңғы шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды.
Былтыр жыл соңында БЖЗҚ қаржысын тіс, көз емдеу, пластикалық ота жасату сияқты ем түрлеріне пайдалануға толық тыйым салынды. Себеп – көпшілігі қаражатты заңсыз мақсатта қолданған.
ҚМА дерегінше, зейнетақы қорынан тіс емдеуге 200 млрд теңге заңсыз алынған.