Елде 50 мың адам өмірге қауіпті, апатты үйде тұрады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Айжан Нығметжан

Қазақстанда 50 мың адам апатты үйде тұрады. Өмірге қауіпті деген ғимараттар саны жыл сайын артып келеді деп жазады Ranking.kz.

Тізімнің көш басында Атырау облысы тұр. Өткен жылы өңірдегі тозығы жеткен 705 үй болды, ол жерде 13 мыңнан аса адам тұрады. 2024 жылмен салыстырғанда апатты үйлер саны 49-ға көбейген.

Екінші орында – Ақмола облысы. Мұнда тұруға жарамсыз деген 270 үй тіркелді.

Үшінші орында 262 апатты үйі бар Батыс Қазақстан облысы тұр. Бір жыл ішінде тағы 55 үй ескіріп, тозығы жеткендер қатарына қосылды.

Апатты үйлер саны көп өңірлер қатарында Астана қаласы (191) мен Абай (172) облысы бар.

Ал Алматы (16), Жамбыл (4) және Қостанай (8) облыстарында апатты үйлер әлдеқайда аз болып отыр.

«Елімізде іс жүзінде мүшкіл халде болса да, ресми түрде «апатты» мәртебесі берілмеген тозығы жеткен үйлердің үлесі әлі де жоғары. Мұндай үйлердің тұрғындары мәселені шешудің нақты тетіктерінсіз қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр», – дейді Ranking сарапшылары.

Статистика бұрмаланған

Зерттеу авторларының сөзінше, апатты үйлерді тіркеуде статистика бұрмаланғаны да байқалады. Мәселен, Алматы қаласы бойынша Ұлттық статистика бюросында соңғы бес жылда апаттық үйлер жоқ деп көрсетілген. Бірақ іс жүзінде мегаполисте 1,7 мыңнан астам апаттық жағдайдағы үйлер болған.

«Тиісінше, елдің ең ірі қаласы туралы ресми деректердің болмауы жалпыұлттық көріністі айтарлықтай бұрмалайды және мәселенің шынайы ауқымын толық бағалауға мүмкіндік бермейді», – дейді мамандар.

Елдегі апатты үйлер мәселесін шешу үшін мемлекеттік оларды сүруді бастаған. Мәселен, 2029 жылдың соңына дейін Астанада 200-ге жуық тозығы жеткен үй сүрілуі керек. Ал Алматыда 2030 жылға дейін 700-ге жуық үй жойылуға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз