Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы есеп тыңдады.

Әкімнің айтуынша, облыстың экономикалық өсімі 113,9 пайызды құраған. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 триллион теңгеге артқан. 2025 жылы өңірге 1,7 триллион теңге инвестиция тартылып, оның 1,4 триллионы жеке инвестиция болған. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен.

Өткен жылы жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі таңда облыста 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. «Turan» арнайы экономикалық аймағында құны 315 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамып келеді. Бұл жобалар толық іске асқанда, 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге азайған, ал жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған.

Кездесу қорытындысында Президент инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз