Салықшылар өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді тексереді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
В Алматы снизят налог по упрощенке с 2026 года
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерін өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелуге мәжбүрлеп жатыр, бірақ бұл өзгеріс заңға қайшы. Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа нормаларына сілтеген Uchet.kz порталы осылай жазады.

Мемлекеттік кірістер комитеті арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, комитет қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде тіркелген адамдардың арасында шын мәнінде жұмыс берушімен еңбек қатынасында болуы мүмкін жағдайларды тексеріп жатыр.

«Мәселе адамның кімге қызмет көрсетіп отырғанында. Егер адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелгенімен, қызметін тек бір жұмыс берушіге көрсетсе, сол жерде тұрақты жұмыс істесе немесе еңбек қатынастарына ұқсас байланыс болса, онда бұл жағдайға қатысты сұрақтар туындауы мүмкін», – дейді ол.

2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен бастап елде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны айтарлықтай көбейген. Осыған байланысты салықшылар салық режимін дұрыс қолданбай отырғандарды тексеруді бастады.

Ведомствоның мәліметінше, кейбір компаниялар қызметкерлерін штаттан шығарып, кейін оларды өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркетіп, сол бұрынғы жұмыс орнында қызметін жалғастыра береді. Осылайша компаниялар еңбекақы қорына түсетін салық жүктемесін азайтуы мүмкін.

Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, мұндай жағдайларға МКК назар аудармай қала алмайды. Өйткені штаттағы қызметкерлері бар компаниялардың салық жүктемесі мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салық төлеу тәртібі арасында үлкен айырмашылық бар. Сондықтан нақты адамның шынымен өзін-өзі жұмыспен қамтушы ма, әлде іс жүзінде қызметкер ме екенін анықтау қажет.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексіне сәйкес арнайы салық режимдерінің саны үшке қысқартылды:

• өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
• оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
• шаруа және фермер қожалықтары үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді мына талаптарға сай келетіндер ғана пайдалана алады:

• жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болуы керек;
• жалдамалы қызметкерлері болмауы тиіс;
• айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы керек (2026 жылы шамамен 1,3 млн теңге);
• Үкімет рұқсат берген қызмет түрлерімен ғана айналысуы қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жеке табыс салығын төлемейді, тек табысының 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер аударады. Оның құрамына зейнетақы, медициналық және әлеуметтік аударымдар кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз