Балықшыны құтқарамын деп өзі қаза тапты: Жетісуда майор суға кетті

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: ҚР ТЖМ

Жетісу облысында қызметтік міндетін атқару кезінде өрт сөндіру қызметінің офицері қаза болды. Қайғылы жағдай Алтынкөлде балық аулау кезінде болған.

ТЖД мәліметінше, 7 наурыз күні Панфилов ауданындағы көлде балық аулау кезінде мұз жарылып, бір адам мұз кесегімен бірге көлдің ортасына қарай ағып кеткен.

Оқиға орнына құтқарушылар дереу жеткен. Азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов балықшыға көмек көрсетуге тырысқан. Алайда құтқару кезінде мұз қайта жарылып, құтқарушы суға кеткен.

«Құтқару жұмыстары барысында мұз қайта жарылып, соның салдарынан Панфилов ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Таранов Дамир Таиржанұлы қаза тапты», – делінген Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарламасында.

ТЖД ақпаратына сәйкес, Дамир Таранов азаматтық қорғау жүйесінде 2012 жылдан бері еңбек еткен. 2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында түрлі жауапты қызмет атқарып, соңғы жылдары Жетісу облысы Панфилов ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеген.

«Ол антына адал болып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты», – деп мәлімдеді ведомство.

Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Төтенше жағдайлар департаменті отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Сондай-ақ оқыңыз