УЕФА өкілдері Қазақстандағы стадиондарды тексереді

Қазақстанның футбол инфрақұрылымын халықаралық деңгейге көтеру мақсатында УЕФА-ның арнайы делегациясы келді. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.
Федерацияның мәліметінше, сапардың басты бағыты жаңа стадиондардың құрылысы мен олардың еуропалық стандарттарға сәйкестігін тексеру.
Делегация құрамында УЕФА президентінің ұлттық қауымдастықтар жөніндегі кеңесшісі Йозеф Климент пен УЕФА-ның стадиондар инфрақұрылымын дамыту жөніндегі аға сарапшысы Пьетро Кьябрера болады.
Кездесу барысында тараптар жаңа нысандарға қатысты бірқатар маңызды сұрақтарды егжей-тегжейлі талдайды:
- Орналасуы және сыйымдылығы: Стадиондардың логистикалық тұрғыдан тиімді жерде болуы және жанкүйерлер үшін ыңғайлылығы.
- Техникалық шешімдер: Халықаралық стандарттарға сай заманауи құрылыс технологияларын қолдану.
- УЕФА талаптары: Болашақ стадиондардың УЕФА-ның жоғары санаттарына сәйкес келуі, бұл алдағы уақытта Қазақстанда ірі халықаралық турнирлер мен еурокубок ойындарын өткізуге мүмкіндік береді.
«Басты назар болашақ стадиондардың халықаралық жарыстарды қабылдауға толық дайын болуына және УЕФА талаптарына 100% сәйкес келуіне аударылды» делінген федерацияның хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада 20 млрд теңгеге салынған стадион УЕФА лицензиясын әлі алмады.