Карина Мамаш бұрынғы күйеуімен тағы соттасып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бұрынғы ерлі-зайыпты мүлікті бөліске салып жатыр/коллаж kursiv.media

Экс-дипломат Сәкен Мамаш пен бұрынғы әйелі Карина Мамаш тағы соттасып жатыр. Бұл жолы бұрынғы ерлі-зайыпты мүлікті бөлу үшін сотқа жүгінген.

KursivMedia тілшісіне «Қорғау» қорының жетекшісі Анна Рыль істің-мән жайын айтып берді.

Айта кетейік, Карина Мамаш Біріккен Араб Әмірліктерінен келгеннен кейін дәл осы «Қорғау» орталықтарын паналап, екі баласымен бірге орталықта жарты жыл тұрған.

«Сәкен Мамаш сот үкімін өзгерткісі келді. Одан бөлек мүлікті бөлуге қатысты да сот процестері бар. Ол іс азаматтық сотта қаралып жатыр. Карина қазір өзін дамытып, басқа қыздарға үлгі болып отыр. Бастапқыда спорт мектебінде тренер болды. Қазір өзінің бірнеше жобасы бар. Олар әлі пәтер жалдап тұрады», – дейді Анна Рыль.

Айта кетейік, Астана сотында экс-дипломат әйелін қинағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Мамаш мемлекеттік қызметші ретінде ант берген тұлға бола отырып, 2019 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта бастапқыда Астанада, кейіннен Біріккен Араб Әмірліктері, Абу-Даби қаласында жүйелі түрде жәбірленушіге күш қолданған. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлердің жауаптары, сараптама қорытындысы, видео, скриншот және іс бойынша өзге де материалдар арқылы дәлелденді», – деді үкімді оқыған судья Артур Әбдіханов.

Істің мән-жайы

Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш 2024 жылдың мамырында видео жариялап, 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін мәлімдеді. Сол жағдайдан кейін дипломат елге шұғыл түрде шақырылды. Біраз уақыттан кейін дипломаттың үстінен іс қозғалды.

Тергеу қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша жүргізілген

Экс-дипломат 2025 жылдың сәуірінде қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз